КӨЛЕҢКЕЛІ ЭКОНОМИКАМЕН КҮРЕС

бюджет тайқазанын толтырады

 

Апта басында облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен облыстық әкімдіктің тұрақты кеңес мәжілісі болып өтті. Онда аймақ тіршілігіне қатысты бірнеше маңызды мәселелер қаралды.

Мәжіліс басталар алдында облыс басшысы бүгінгі күні Қазақстан Халықтар Ассамблеясының облыстағы меңгерушісі Асылбек Жұмабаевтың 65 жасқа толып отырғанын атап өтті. Ол А.Жұмабаевтың мемлекеттiк қызмет саласында қырық жылдан астам абыроймен жұмыс істегенін айта келіп, Ассамблеяда да жемісті еңбек еткеніне қатысушылар назарын аударды. Осыдан кейін мерейтой иесіне облыстың Құрмет грамотасы салтанатты түрде табыс етілді. Өз кезегінде Асылбек Теңелұлы қызметіне жақсы баға беріліп, еңбегі еленіп жатқаны үшін аймақ басшысына, әріптестеріне ризашылығын білдірді.

Мұнан соң күн тәртібіндегі алғашқы мәселе – салық базасын көбейту туралы облыс әкімінің орынбасары Наталья Годунова баяндама жасады. Облыс әкімінің орынбасары келтіріп өткеніндей, үстіміздегі жылдың төрт айында бюджетке түскен салық төлемдері 152 млрд. теңге болды. Оның ішінде жергілікті бюджеттің орындалуы 130 пайызға жетті. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 1,3 млрд. теңгеге немесе 14 пайызға артық. Сол секілді бір жыл ішінде салық органдарына 650 заңды тұлға тіркелді немесе 7 пайызға өсіп отыр. Ал шағын және орта бизнес субъектілері 2 мыңға артты. Бұл 57 пайызға артқанын білдіреді. Жеке кәсіпкерлер армиясына қосымша 3,5 мың адам тіркеліп, жалпы саны 37683 адамға жетті. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 4 ай ішінде шағын кәсіпкерлік субъектілерінен бюджетке түскен төлем мөлшері өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 16 пайызға артты. Н.Годунова облыста салық мәдениетін арттыру мақсатында ағымдағы жылдың 1 шілдесіне дейін "Тұрғындар және салық қызметі көлеңкелі экономикаға қарсы” атты акция өткізіліп жатқанын хабарлады.

Қызылорда қаласы әкімінің міндетін атқарушы Мұрат Тілеуімбетов күн тәрті­біндегі келесі мәселе – облыс орталығында мүгедектерді жұмысқа орналастыру және кедергісіз ортаны қалыптастыру жайын баяндады. Оның атап өткеніндей, наурыз-сәуір айларында 76 мүгедек жан тұрақты жұмысқа орналастырылған. Ақылы қоғам­дық жұмысқа тартылған 35 адам болса, "Жұмыспен қамту – 2020 Жол картасы” бағдарламасы бойынша 15 адам әлеуметтік жұмысқа жолданды. Тағы 11 адам жастар тә­жірибесінен және 10 адам кәсіптік даяр­лаудан өтуде.

Мүгедектерге "Кедергісіз орта” қа­лып­­тастыру мақсатында Қызыл­орда қаласында "Жұмыс­шы топ” құрылып, мүгедектердің әлеу­меттік, көліктік рекреациялық инфра­құ­рылым нысандарының кедергісіз қолже­тімділігін қалыптастыратын жағдай жасау үшін бүгінгі күнге қала халқына күнделікті қызмет көрсететін мекемелер мен емханаларға, Қазпоштаның байланыс бөлімшелері мен Халыққа қызмет көрсету орталықтарына, барлығы 91 ғимаратқа түгендеу жұмыстары жүргізілген. Қала бой­­ын­ша мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған екі жерге зағип жаяу жүргіншілер белгісі, алты қиылысқа дыбыстық сигнал беретін бағдаршамдар орнатылды.

Мәжілісте облыстық білім басқар­масы­ның басшысы Наурызбай Байқадамов балалардың жазғы тынығу демалысын ұйымдастыру және ҰБТ дайындық барысы туралы ақпар берді. Оның айтуынша, облыс бойынша 2013-2014 оқу жылында 7064 оқушы мектеп бітіреді деп күтілуде. Бүгінгі таңда Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысамын деп өтініш білдіргендер саны 5124 немесе мектеп бітірушілердің 72,5 пайызын құрайды. Олардың 4542-сі қазақ тілінде, 582-сі орыс тілінде тест тапсыратын болады. Облыс көлеміндегі 8 тестілеу орта­лығындағы аудиториялар толықтай жаб­тықталған. Білім саласы басшысы сондай-ақ оқушылардың жазғы тынығу лагерьлерінің жай-күйі жайлы айтып берді.

Қазір көктемгі дала егін және егін егу жұмыстарының қызған шағы. Оның барысы жайлы облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Омархан Пашкенов баяндап өтті. 2014 жылы облыс бойынша 160,4 мың гектарға егіс орналастыру межеленіп отыр. Аймақтың негізігі дақылы күріш 76,6 мың гектарға егу жоспарлануда. Өткен жылдармен салыстырғанда мал азығындық дақылдар егісі 1,2 мың және күріш көлемі 2,6 мың гектарға ұлғайтылып отыр.

Бүгінгі күні облысты су жолдарын та­залау және гидротехникалық құрылыс­тарды жөндеу аяқталды. Қазіргі таңда шардара су қоймасында жиналған су көлемі 4,1 млрд. Көксарай су реттегішінде 3 млрд. текшеметрді құрайды. Шардара су қоймасынан төменге қарай секундына 500 текшеметр су тасталуда.

Тұрақты кеңес мәжілісінің күн тәртібіне сай сондай-ақ облыс әкімдігінің мамыр айында ұйымдастырылатын шаралары мен олардың маңыздылығы, сонымен қатар мемлекеттік сатып алу мәселелері туралы баяндамалар тыңдалды.

 

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.

АҚПАРАТ 15 мамыр 2014 г. 853 0