СЕНАТОРЛАР САПАРЫ

Арал ауданына жұмыс сапарымен барған ҚР Парламенті Сенатының депутаттары Қожахмет Баймаханов пен Мұрат Бақтиярұлы жұртшылықпен жүздесті. Жиынды жүргізген аудандық мәслихат хатшысы К.Данабай Сыр өңірінен сайланған халық қалаулыларының еселі еңбек жасап жатқанына тоқталды. 
Кездесуде М.Бақтиярұлы бюджет бекітуде, Сенат депутаттарының өзіндік орны болатындығына, республикалық бюджеттің әлеуметтік саланы кеңейтуге айрықша басымдық бергеніне тоқталды. «Жұмыспен қамту - 2020» бағдарламасы аясында соны тірліктер бастау алғандығына, өзге де заң талаптары барысына шолу жасады. Сондай-ақ газдандыру мәселесі, «Шағын қалаларды дамыту» бағдарламасын Сексеуіл кентіне енгізудің маңыздылығы әңгіме өзегіне айналды. Жиынға қатысушылар ішінен аудандық тұтынушылар құқығын қорғау мекемесінің бас маманы Қ.Айдосов, кәсіпкер Г.Баймаханова ойларын ортаға салды. М.Бақтиярұлы берілген сауалдарға тұшымды жауап қайтарды. Өз кезегінде депутат Қ.Баймаханов мемлекет тарапынан көптеген бағдарламалардың қолға алынғанын, бірқатары оңды нәтиже бергенімен кейбірінің толығымен орындалмағанын қынжыла жеткізді. Мәслихат хатшысы К.Данабай ауданда атқарылып жатқан жұмыстар баршылық екеніне тоқталды. 
Түс ауа осындай кездесу Қазалыда жалғасты. Мәдениет орталығында өткен жиында аудандық мәслихат хатшысы Т.Бөріқұлақов баршаны ашық пікір алысуға шақырды. Сенатор М.Бақтиярұлы жыл басынан бері 27 Заңмен қатар алғаш рет «Азаматтық қорғау туралы» Заң қабылданғанын жеткізіп, жалақының төменгі мөлшері мен зейнетақы төлеу жайы қашанда халық қалаулыларының назарында екендігін айтты. Арнайы әлеуметтік жәрдемақы мөлшері мен патронаттық тәрбие жайы Үкімет тапсырмасымен алдағы уақытта Мәжіліске келетінін, шағын және орта бизнесті дамыту тұрақты күн тәртібінде тұрғандығына қарамастан, әлі де кедергілер кездесетінін ұғынықты жеткізе білді. Депутаттың «Мектеп білім берумен ғана айналысуы қажет. Білім ошақтарын жиі тексеруі орынсыз. Сондай-ақ, әрбір  тұрғын өз ауласының, үйінің тазалығына жауапкершілікпен қарауға тиісті» деген сөзіне жиналғандар қолдады. 
Кездесуде аудандық мәслихат депутаты Ө.Түктібай, еңбек ардагері О.Наурызбаев толғандырған сауалдарымен бөлісті. Сенат депутаты Қ.Баймаханов көпшілік көкейіндегі сұрақтарға толыққанды жауап қайтарды. 
Жұмабек ТАБЫНБАЕВ. 
Арал, Қазалы аудандары.

АҚПАРАТ 05 мамыр 2014 г. 945 0