Облыс әкімінің және Қазақстан Республикасы Президентінің өкімдерімен Қожаниязов Серік Салауатұлы Қызылорда облысы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі болып тағайындалды.
Қожаниязов Серік Салауатұлы 1965 жылы Қызылорда қаласында дүниеге келген. Кузбасс политехникалық институтын – инженер-механик және Н.Л.Гумилев атындағы Еуразиялық ұлттық университетін экономист мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1989 жылы Қызылорда жөндеу-механикалық зауытында инженер-технолог ретінде бастаған. 2001-2004 жылдары Қызылорда облысы әкімі аппаратының индустриялық даму бөлімінің меңгерушісі, 2005-2007 жылдары Қызылорда облысының кәсіпкерлік және өнеркәсіп департаментінің директоры, 2007-2008 жылдары Қызылорда қаласының әкімі, 2008-2012 жылдары Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің ұйымдастыру жұмысы және өңірлік даму бөлімінің бас инспекторы, бөлім меңгерушісінің орынбасары лауазымдарында қызмет атқарды. 2012 жылдан осы кезге дейін Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің өңірлік даму бөлімінің меңгерушісі лауазымында қызмет атқарып келді.
Осы кезге дейін облыс әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Президентінің «Байқоңыр» кешеніндегі арнаулы өкілі қызметін атқарып келген Нұртаев Рзақұл Сәденұлы басқа жұмысқа ауысуына байланысты атқаратын қызметінен босатылды.
***
Облыс әкімінің өкімімен Дүйсебаев Талғат Тұрсынұлы Жалағаш ауданының әкімі лауазымына тағайындалды.
Дүйсебаев Талғат Тұрсынұлы 1973 жылы дүниеге келген. Қызылорда политехникалық институтын – бухгалтер-экономист, Қазтұтынуодағы Қарағанды эко¬номикалық университетін заңгер мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын Жалағаш аудандық жасөспірімдер спорт мек¬тебінде дене шынықтырушы ретінде бастаған. 1994-1998 жылдары Жалағаш аудандық білім бөлімінің есепшісі, 1998-2004 жылдары Жалағаш ауданы әкімі аппаратының экономика және кәсіпкерлікті қолдау секторының бас маманы, 2004-2006 жылдары Қызылорда облысының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының бөлім бастығы, 2006-2011 жылдары Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы басқармасы бастығының орынбасары, 2011 жылдан бастап Қызылорда облысының ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.
Осы кезге дейін Жалағаш ауданының әкімі қызметін атқарып келген Сермағамбетов Серік Сағитжанұлы басқа жұмысқа ауысуына байланысты атқаратын қызметінен босатылды.
***
Облыс әкімінің өкімімен Сәрсенбаев Қайратбек Әубәкірұлы Шиелі ауданының әкімі лауазымына тағайындалды.
Сәрсенбаев Қайратбек Әубәкірұлы 1961 жылы Қызылорда облысы Сырдария ауданында дүниеге келген. Жамбыл гидромелиоративтік-құрылыс институтын – инженер-гидротехник, Қазақ ауылшаруашылық институтын – ауылшаруашылық кәсіпорындардың ұйымдастырушысы-экономист, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетін – экономист-бухгалтер мамандықтары бойынша бітірген.
Еңбек жолын 1983 жылы Сырдария аудандық суландыру жүйелері басқармасының инженері ретінде бастаған. 1986-1996 жылдары Сырдария аудандық комсомол комитетінде, Халықтық бақылау комитетінде және Халық депутаттары аудандық кеңесінде түрлі лауазымдарда қызмет атқарған. 1996-1999 жылдары «Қазагропромбанк» АҚ Сырдария аудандық бөлімшесінің басқарушысы, Сырдария ауданы әкімінің бірінші орынбасары, Қызылорда облысы әкімінің аппаратында бөлім меңгерушісі, 1999-2012 жылдары Сырдария ауданы әкімінің орынбасары қызметінде болды. 2012 жылдан осы кезге дейін Қызылорда облысының қаржы басқармасының басшысы қызметін атқарып келді.
Осы кезге дейін Шиелі ауданының әкімі қызметін атқарып келген Ергешбаев Мұрат Нәлхожаұлы басқа жұмысқа ауысуына байланысты атқаратын қызметінен босатылды.