АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРМЕН ЖҰМЫС ЖАСАУДА

АРХЕОЛОГИЯЛЫҚ ЖОБАЛАРМЕН ЖҰМЫС ЖАСАУДАҚорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті тарих және мәдениет ескерткіштерінде археологиялық және ғылыми-реставрациялау жұмыстарын жүзеге асыру жөніндегі қызметке лицензия алды. Аталмыш лицензия бойынша университет Қазақстанның барлық аймақтарында жүргізілетін археологиялық зерттеулерге және ғылыми қайта қалпына келтіру жұмыстарына толыққанды өз қызметтерін ұсына алады. Бұл тұрғыда  университеттің ғылыми әлеуеті мен материалдық-техникалық базасының  мүмкіндіктері мол. 
Оқу орнының Сыр өңіріндегі тарихи-мәдени мұраны зерттеуге бағытталған жұмыстары бүгінгі күні өз жемісін беріп отыр. Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті Ә.Марғұлан атындағы Археология институты және Ресей ғылым академиясы Н.Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институтымен үшжақты келісім-шарт негізінде археологиялық зерттеулер жүргізу және мамандар даярлау саласында жан-жақты жұмыстар атқарған болатын. Қазіргі күні университетте  «Археология және этнография» ғылыми-зерттеу орталығы құрылып, оған Қазақстанның ежелгі және орта ғасыр археологиясына маманданған қызметкерлер жұмылдырылған. Сонымен қатар, орталық жанындағы археологиялық зертхана мен көрме залы далалық зерттеулерден кейінгі кезең болып саналатын археологиялық заттарды өңдеу және қайта қалпына келтіру бойынша лабораториялық бағытта жұмыс жасайды. Университеттің археолог-мамандарының іс-тәжірибелері де жеткілікті. Олардың барлығы дерлік Қазақстанның әр аймағындағы және Ресей жеріндегі археологиялық зерттеулерге қатысып іс-тәжірибеден өтсе, 6 қызметкер университеттің мақсатты жолдамасымен РҒА Н. Миклухо-Маклай атындағы Этнология және антропология институтының аспирантурасын оқып бітірген. Университет ғалымдары ҚР Білім және ғылым министрлігінің гранттық қаржыландыруы бойынша «Оңтүстік-шығыс Арал маңын мекендеген ежелгі тайпалардың дүниетанымы мен идеологиясы және наным-сенімдері мен әдет-ғұрыптары» және «Сырдарияның төменгі ағысындағы қалаларының орта ғасырлар кезеңіндегі этномәдени байланыстардағы рөлі "Жанкент қала жұрты» атты ғылыми жобалармен жұмыс жасап, зерттеулер жүргізіп келеді. 
Университет ие болып отырған аталмыш лицензия университет ұжымының аймақтағы археология ғылымын дамытуға қосқан көп жылғы үлесі мен ғылыми мүмкіндіктеріне берілген оң баға екендігі және оның алдағы уақытта тың тақырыптар мен жаңа ғылыми зерттеулерге жол ашатыны сөзсіз.
Жайна СЫДЫҚОВА,
Қорқыт ата атындағы ҚМУ «Археология және этнография» ҒЗО қызметкері.     

АҚПАРАТ 05 мамыр 2014 г. 1 122 0