Бүгінгі таңда елімізде мүгедектерді жұмысқа орналастыру және оларға «кедергісіз орта» қалыптастыруға ерекше мән беріліп отыр. Бұл мәселе облыс әкімінің орынбасары Наталья Годунованың жетекшілігімен өткен мүмкіндігі шектеулі азаматтардың құқықтарын қамтамасыз ету жөніндегі үйлестіру кеңесінде жан-жақты таразыланды.
Елбасымыз үстіміздегі жылғы «Қазақстан жолы-2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауында мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсартуға назар аударған еді. Осыған байланысты аталмыш мақсатта жасалған «Жол картасына» өзгерістер мен толықтырулар енгізілді. Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы Жазира Жылқышиеваның айтуынша, мүгедектерді жұмысқа орналастыру және оларға «кедергісіз орта» қалыптастыру бағытында екі айлық жарияланды. Бұл шара облыс әкімдігімен, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиалы және облыстық мәслихаттың бірлескен іс-шаралар жоспары негізінде бекітілді. Соған сәйкес облыстық басқарма басшылары, қала және аудан әкімдеріне алғашқы кезекте кәсіби оңалтуға жеке оңалту бағдарламалары әзірленген 375 мүмкіндігі шектеулі адамды тұрақты жұмысқа орналастыруға ықпал жасау тапсырылды. Осының нәтижесінде бүгінгі күнге дейін 225 мүгедек еңбекпен қамтылып отыр.
Алайда, олардың барлығы өз деңгейінде орындалып жатқан жоқ. Жоспар Шиеліде 2 есеге артық орындалып, 20 адамның орнына 40 адам екі қолға бір кәсіп тапты. Сонымен қатар, Сырдарияда бұл көрсеткіш 153 пайызды құрап, 23 адам жұмысқа орналасса, ол толығымен жүзеге асты. Өкінішке орай, аталмыш жұмыстар Қызылорда қаласында бар-жоғы – 33, Жалағаш ауданында 33,3 пайызды шамалаған. Облыстық басқарма басшысының айтуынша, мүгедектердің, оның ішінде кресло-арбалармен жүретіндердің әлеуметтік инфрақұрылым нысандарының қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында нысандардың қолжетімділігіне кезең-кезеңімен түгендеу шаралары жүргізілді. Өткен жылы осы бағытта жүргізілген іс-шаралар нәтижесінде 873 нысанның 479-ы бейімдеуге жататыны анықталды. Оның ішінде білім, денсаулық сақтау, мәдениет және спорт саласының 79 нысанына облыстық бюджет есебінен 37,5 млн. теңге бөлініп, бейімдеу жұмыстары жүргізілді. Бұл жұмыстар биылғы жылы да жалғасын тауып отыр.
Үйлестіру кеңесінің отырысында облыс әкімінің орынбасары тиісті басқармалар бойынша бұл бағытта қандай жұмыстар жасалып жатқанын таразыға салды. Сондай-ақ, мүгедектерді жұмысқа орналастыру жөнінен төменгі көрсеткішті місе тұтып отырған Қызылорда қаласы мен Жалағаш аудандары бойынша бұл бағытта қандай жұмыстар жасалып жатқанына назар аударды.
Әділжан ҮМБЕТ.