БАТЫР АТЫНДАҒЫ БАЙРАҚТЫ БӘСЕКЕ

БАТЫР АТЫНДАҒЫ БАЙРАҚТЫ БӘСЕКЕҚармақшы ауданы Жосалы кентінде самбо күресінен Кеңес Одағының батыры Тәйімбет Көмекбаев атындағы дәстүрлі халықаралық мемориал өтті. 
Осымен он тоғызыншы рет өткізіліп отырған жарысқа ел спортшыларынан өзге, алыс-жақын Әзірбайжан, Тәжікстан, Өзбекстан, Қырғызстан, Моңғолия, Белоруссия, Грузия елінен барлығы 23 команда, 200-ге жуық самбошы қатысты.
Дәстүрлі жарысқа облыс әкімі Қырымбек Көшербаев қатысып, қаһарман батырға арнап лебізін білдіріп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
– "Елдің атын ер шығарған, ердің атын ел шығарған” – деген дана халықтың ұрпағымыз. Ел қорғаған батырларды еске алып, ұрпаққа таныта білу – біздің азаматтық борышымыз. Келешегіміздің кемел болуы бүгінгі жастарымыздың елжанды азамат болып, туған жерін, халқын құрметтей білетін перзент болуы маңызды. Жас өрендерді ғылым-білімге, спортқа баулу үшін олардың бойына елін-жерін қорғаған аталарымыздың ерлік өнегелерін дарытуға тиіспіз. "Дені сау ұрпақ – ұлт болашағы” деген де сөз бар. Сондықтан қоғам үшін осындай іс-шаралардың маңызы зор, – деді аймақ басшысы.  
БАТЫР АТЫНДАҒЫ БАЙРАҚТЫ БӘСЕКЕЕкі күнге созылған боз кілемдегі белдесулерде Сыр елі ұландарының бағы жанды. Атап айтсақ, Б.Раисов (52 келі), Қ.Тәттімбетов (57 келі), А.Пірманов (62 келі), Г.Әбдірахманов (68 келі), А.Тайбағаров (82 келі) және М.Исағабылов (90 келі) топ жарды. Сынға түскен түйе палуандар ішінен "Қазақ барысы” А.Нұғымаров ешкімге дес бермей бас бәйгені қанжығасына байлады.  
Нұрбек САҒАТҰЛЫ.

АҚПАРАТ 05 мамыр 2014 г. 1 047 0