КҮРІШ ЕГІСІНЕ КІРІСТІ

КҮРІШ ЕГІСІНЕ КІРІСТІЖыл сайын Сыр маржанын жинаудан көш басында жүретін жалағаштық диқандар биылғы егіс жұмысына да етек-жеңдерін жинап, кірісіп те кетті. Аудан шаруашылықтары көктемгі ақ егіс жұмыстарын толық аяқтап та қойды. 
Саралап айтар болсақ, биылғы жылы межеленген 2807 гектар жерге жаңа жоңышқа, 63 гектар жерге мақсары, 230 гектар жерге жаздық бидай дақылдары орналастырылып, 4600 гектар жердегі ескі жоңышқаны тырмалау жұмыстары жүргізілген.
Жалағаштық диқандар Сыр салысын егуді де бастаған. Күріштік алқапқа алғашқы болып Сыр маржаны дәнін сеуіп отырған "Сәрке батыр” жауапкершілігі шектеулі серіктестігі диқандары. Бұл шаруашылық жыл сайын ауыл шаруашылығы дақылдарынан мол өнім жинап, аудан шаруашылықтарының көш басында жүретін. Өткен жылы егін жинау науқанының қорытындысымен аудан жеңімпазы болған "Сәрке батыр” ЖШС биылғы жылы 1500 гектар жерге күріш егуді жоспарлап отыр.
Серіктестік көктемгі егіс жұмысына сақадай сай әзірлікпен келген. МТС жаңа техникалармен толықтай жабдықталған. Биылғы жылы КамАЗ автокөлігі, тіркемелі К-700 тракторы, тұқым себетін техникалар лизинг арқылы сатып алынса, күріш тұқымы да жеткілікті дайындалған. Осы шаруашылықтың Б.Әлмағанбетов басқаратын №4 бригадасы күріш тұқымын себу жұмысын ауданда бірінші болып бастады. Бригаданың егіс танабындағы дән себу жұмыстарына ардагерлер қатысып, ақ баталарын берді.
"Көктемнің бір күні – жылға азық” дегендей, көктемгі егісті бастаған жалағаштық¬тардың ертеңгі күні ел несібесін молайтатынына сенім зор.
Е.АҚҚАЛИҰЛЫ.
Жалағаш ауданы.

АҚПАРАТ 01 мамыр 2014 г. 941 0