ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҮЙІНЕ ТЕМІРБЕК ЖҮРГЕНОВ ЕСІМІ БЕРІЛДІ

ШЫҒАРМАШЫЛЫҚ ҮЙІНЕ ТЕМІРБЕК ЖҮРГЕНОВ ЕСІМІ БЕРІЛДІОсыдан біршама уақыт бұрын Сыр бойындағы шығармашылық өкілдері үлкен қуанышқа бөленіп, жаңа шаңыраққа қоныс аударған болатын. Сейсенбі күні жаңа ғимаратқа қазақ руханиятына өлшеусіз еңбек сіңірген Темірбек Қараұлы Жүргеновтің есімін беру және бюсін ашу салтанаты өтті.
Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген облыс әкімі Қырымбек Көшербаев түбі бір түркі жұртына мәлім, Орта Азия мен Қазақстанға ортақ тұлға, өз дәуіріндегі жаңашыл толқынның өкілі болған Т.Жүргеновтің қайраткерлігі туралы айтты. 
– Тарихтың ақтаңдақ беттерін қалпына келтіріп, жас ұрпақтың олар туралы түсінігін қалыптастыру сіз бен біздің парызымыз. Сондықтан "Темірбек Жүргенов кім?” дегенде болашақ ұрпақ қайраткер азаматтың ұлттық тарихтағы алтын әріппен жазылған есімін тани білуі керек.
Бүгін ел Үкіметінің қаулысымен облысымыздың бірден-бір жаңа рухани ордасы – Шығармашылық үйіне дарабоз тұлғаның есімі берілді. Алматыдағы Қазақ ұлттық өнер академиясы, Алматы, Қызылорда қалалары мен Ақтөбенің Ырғыз ауданындағы, Жалағаш кентіндегі  мектептер мен көшелер оның есімімен аталады. Алда Елбасы қолдауымен Астанадағы Еуразия ұлттық университетінде Т.Жүргеновке арналған халықаралық конференция өтеді. Елордамызда Жүргенов есімін ұлықтау шаралары жалғасын табатынына күмәнім жоқ, – деді ол.
Сондай-ақ облыс басшысы жаңа ғимараттың аймақтағы шығармашылық ортаның бірегей кешеніне, зиялы қауым өкілдерінің бас қосатын рухани орталыққа  айналатынына сенім білдірді. 
– Алаш ардақтысының атын иелену жоғары мәртебе. Бұл кез келген ұжымның еншісіне бұйыра бермейді. Шығармашылық ұжымға, оның әрбір мүшесіне жауапкершілік жүктейді. Сондықтан әрбір қызметкер рухани аманатты алып жүруі үшін лайықты қызмет ете білуі керек. Шығармашылық әлеуеттеріңіз артып, қаламдарыңыз ұштала берсін! – деген тілегін жеткізді. 
Салтанатта ҚР Мәдениет министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау жеделхаты оқылды. "Әйтеке би” мәдени орталығының директоры, Оңтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы Шахарбек Оспанов әкесі айтқан естеліктерімен бөлісті. Ашаршылық жылдарында ауа көшкен ағайын-туысының жел жағында пана болған қайраткер болмысын аша түсті. 
Т.Жүргенов атындағы қоғамдық қордың төрағасы Сәпен Аңсатов қайраткерді ұлықтау шараларына айрықша қолдау көрсеткен, ауқымды шаралар атқарған облыс басшылығына алғысын білдірді.
Енді Темірбек Жүргенов атындағы Шығармашылық үйіне бас сұққан адамдарды қайраткердің тұғырға қонған тұлғасы қарсы алады. Тағдырына ұлтына қызмет ету бақыты бұйырған жан туралы естелігінде қазақтың ұлы композиторы Ахмет Жұбанов "Жүргеновтің кабинетінен Алатауды айырып, Қаратауды қайыратындай күш-жігермен шығатын едік”, депті. Әбділдә Тәжібаевтың "Темірбек десе, Темірбек көрінеді. Нағыз темір Нарком!” деген сөзі  бар. Тастұғырдағы мүсін ұлт руханияты үшін ұлан-ғайыр еңбек атқарған ердің болмысын танытып тұр.
Одан әрі аймақ басшысы «Сыр медиа» ЖШС орналасқан Шығармашылық үйі ғимаратын аралап, облыстық, аудандық басылымдар шығатын баспахана жұмысымен танысты. «Сыр медиа» ЖШС бас директоры Аманжол Оңғарбаев облыс басшысын серіктестік жұмысының алдағы бағыт-бағдарынан хабардар етті. 
Бүгінде облыстық «Сыр бойы» және «Кызылординские вести» басылымдарымен қатар аудандық, қалалық газеттерді біріктіріп отырған «Сыр медиа» шығармашылық әлеуеті үлкен құрылымға айналды. Сонымен қатар, серіктестікте заман талабына сай интернет-газет пен ақпараттық-талдау орталығы жүйелі жұмыс жасап келеді.  
 Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.

АҚПАРАТ 01 мамыр 2014 г. 2 027 0