Үстіміздегі жылғы 15 сәуірде Мәскеуде Қазақстан Үкіметінің басшысы Кәрім Мәсімов Кеден одағы және Бірыңғай экономикалық кеңістікке мүше елдердің үкіметтері жетекшілерінің кездесуіне қатысты. Бұқаралық ақпарат құралдарынан мәлім болып отырғанындай, кездесудің күн тәртібінде Еуразиялық экономикалық одақ жөніндегі келісім жобасы кеңінен талқыланды. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, мұнай-газ, темір жол және автокөлік тасымалына қатысты мәселелер сөз болды.
Арнайы ұйымдастырылған баспасөз мәслихатында Кәрім Мәсімов: "Бүгін барлық даулы мәселелер талқыланып, ішінара түзетулерден кейін құжат Мемлекет басшыларының қол қоюына дайын болады”, – деді. Сондай-ақ, Қазақстан Үкіметінің басшысы: "Келіссөз кезінде біз негізгі шарт ретінде қатысушы елдердің экономикалық мүдделеріне сәйкестікті басшылыққа алдық”, – деді.
Осылайша Үкімет басшылары Еуразиялық одақ жөніндегі келісім жобасын тағы бір пысықтап алды. Өйткені, аталмыш келісім жобасын мемлекеттік деңгейде бекітетін күн жақын. Нақтылай айтқанда, Қаржы министрлігі Салық комитетінің төрағасы Әнуар Жұмаділдаевтың 16 сәуірде ұйымдастырылған брифингте мәлімдегеніндей, мамыр айында Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінің Президенттері ЕЭО туралы келісімге қол қоймақ.
Биыл Еуразиялық экономикалық одақ идеясына 20 жыл толады. Осы 20 жылдың ішінде Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері түрлі салалар бойынша түсіністікке қол жеткізіп, аталған үш елдің арасындағы интеграциялық игі істер қажетті даму биігіне көтерілді.
Жалпы, Еуразиялық интеграция мемлекеттерінің өзара экономикалық байланыстарын ғана қамтитынын айта кеткен жөн. Бұл туралы Елбасы Қазақстан Халықтары Ассамблеясының жуырда өткен ХХІ сессиясында мәлімдеген болатын. Ол "интеграция экономикалық мүдделер тоғысқанда ғана тиімді болады”, деп мәлімдеді.
Президенттің атап көрсткеніндей, кез келген елдің интеграциялық таңдауы – бұл халықтың әл-ауқатын көтерудің негізі болып табылады. Ол саясатқа емес, прагматикалық көзқарасқа негізделуі қажет. Алдағы уақытта Астанада осы интеграциялық бірлестіктің құрылғаны туралы тарихи құжатқа қол қойылады.
Жаһандық еңбек бөлінісінде өз нарығыңды қорғау бүгінгі таңда өзекті мәселенің біріне айналды. Бұл шынтуайтына келгенде, өмірдің өзі тудырып отырған қажеттілік. Өзара тауарлар алмасу арқылы әрбір мемлекет сыртқы факторлардың ықпалынан қорғанады. Түйініне келсек, бұл саяси мәселе, рынокты қорғау, жұмыссыздықтың зардабын жеңілдету арқылы жанкешті бәсекелестік жағдайында өркениет көшіне ілесуге болады.
Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттері арасында қызмет жасап жатқан Кедендік одақ, осының негізінде таяу уақытта кең өріс алғалы отырған Еуразиялық экономикалық одақ мәселелері қазіргі таңда барынша өзекті мәселе болып табылады.
Сарапшылардың пікірінше, Кедендік Одақ құрылған уақыттан бері Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіне тартылған шетелдік инвестиция көлемі екі есеге жуық өсті. 2009 жылы экономикаға құйылған инвестиция көлемі 1,8 млрд. доллар болса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 3,4 млрд. долларға жеткізілді. Бұл орайда тікелей шетелдік инвестицияның жалпы көлемі 34 пайызға өсіп, 28 млрд. долларға жетті.
Жалпы экономикада есеп-қисаптың кейде әртүрлі бағыттағы қорытындыларға жетелейтінін жасырғымыз келмейді. Қалай болғанда да жоспарлы экономиканың мазмұнын бүгінгі рыноктық қатынастармен салыстыруға келмейді. Кеңес Одағының кезінде тауарлар алмасуда кімнің ұтылып, ұтқанын айқындау мүмкін болмады. Валюта ортақ, еңбек бөлінісіндегі саясат ортақ, барлығы Кремльдің шешіміне бағынғандықтан осылай болуы – заңдылық. Бірақ, Украинаның өнеркәсіптік республика ретінде одаққа мәлім болғаны белгілі. Бүгінгі Украинаның сонымен бірге қорғаныс мақсатындағы өнеркәсібінің әлеуеті мықты екенін атап өтпеске болмайды.
Алдағы мамыр айында Астана қаласында өтетін саммитте Еуразиялық экономикалық одақ туралы жаңа келісімге қол қойылады. Осымен бірыңғай экономикалық кеңістік құрудың алғашқы кезеңі аяқталады.
Оның ең басты қорытындысы – жаңа келісім бойынша Еуразиялық экономикалық одақ толыққанды халықаралық субъект атанады.
– Одақ шеңберінде тауарларға қатысты кедергілер едәуір азаяды. Әсіресе, қызмет көрсету нарығы бойынша жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Яғни, енді кәсіпорындар одақ аясында тікелей қызмет көрсете алады. Мұның тиімділігі өте зор. Өйткені экономиканың тең жартысы – қызмет көрсету нарығы! Сонымен қатар, еңбек нарығы үшін жеке адамдардың одақ аясында жүріп-тұруына қатысты да жаңа мүмкіндіктер ашылмақ. Яғни, бұдан былай тіркелу, рұқсат алу талаптары алынып тасталады. Одақ шеңберінде бірыңғай еңбек нарығы болады, – деді жуырда Алматыда өткен баспасөз мәслихатында Еуразиялық экономикалық комиссияның сауда жөніндегі министрі Андрей Слепнев.
Сонымен, Кеден одағы негізінде құрылатын жаңа кеңістіктің алғашқы қадамдары басталды. Қазақстан бүгінгі таңда бұл бірлестікте өзінің экономикалық мүдделестігі барлығын айқын сездірді. Бұл, әлбетте, жақсылықтың нышаны.
Ж.ӘЛМАХАНҰЛЫ.