МЕМЛЕКЕТТIК ҚЫЗМЕТ МЕРЕЙЛІ МӘРТЕБЕ

Мемлекеттік қызмет – мәртебелі міндет. Еліміздің барлық аймағында Елбасы саясатын жүргізіп отырған мемлекеттік қызметшілерге артылар жүк жеңіл емес. Уақыт өткен сайын мемлекеттік органдардың халыққа қызмет көрсету сапасын көтеру бүгінгі таңда мемлекет тарапынан қойылып отырған басты талаптардың бірі. Осы орайда Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаменті тарапынан мақсатты жұмыстар ұдайы жүргізіліп келеді. Осы департаменттің басшысы, Тәртіптік кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаев "Сыр медиа” ЖШС жанында құрылған облыстық коммуникациялар орталығында  журналистермен кездесіп, 2014 жылы атқарылған жұмыстармен осы салаға қатысты жаңалықтарды жеткізді.
Департамент басшысы келтірген деректерге сәйкес 2013 жылдың қорытындысы бойынша Қызылорда облысындағы мемлекеттік қызметшілердің штат саны 3744 болды. Ал үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында 3758 бірлікті құрап отыр. Ал нақты мемлекеттік қызметшілер саны – 3577 адам. Оның ішінде 7-і саяси мемлекеттік қызметшілер, 14-і "А” корпусының, 3556-сы "Б” корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметшілері. Санаттар тобы бойынша: "С”- 1785 адам, "Д”- 464, "Е”-1488 адам. Облысымыздағы мемлекеттік органдарда жұмыс істейтін нәзікжандылар өкілдері 1618-ді құрайды. Бұл барлық мемлекеттік қызметшілердің 45,2 пайызы. Оның ішінде екі әйел (28,6 пайыз) саяси қызметте болса, бір әйел "А” корпусында қызмет атқаруда. 
Департамент басшысы мемлекеттік қызметкерлер резервін жасаудағы өзгерістерден хабардар етті. Егер бұрын резервке алынған қызметкер үшін барлық мемлекеттік органдардың біріне жұмысқа орналасу мүмкіндігі болса, енді тек резервке алған мекеме ғана жұмысқа қабылдайды. Қалған мемлекеттік мекемелерге конкурс арқылы ғана қызметке орналаса алады. Сол секілді командалық тәсілмен ауысуға тоқтам қойылған. Тек конкурстан өтіп қана ауысу мүкіндігі бар. Мұндай өзгерістердің барлығы бұл саладағы сыбайластықтың жолын кесу мақсатында жасалған.
2014 жылдың І тоқсанында ҚР Мемлекеттік істері агенттігінің Қызылорда облысындағы Тәртіптік кеңесінің қарауына барлығы 99 арыз-өтініш түскен. Оның ішінде қаралған арыз-шағым саны 77, құқық қорғау және мемлекеттік органдардың қарауына 19 шағым жолданып, оның ішінде 13 арыз-шағым бойынша тиісті тексерулер жүргізілді.  Алғашқы тоқсанда 2 отырыста қаралған 11 мәселенің 9-ы тәртіптік істер болса, екі мәселе бойынша бір мемлекеттік орган басшысының хабарламасы және Тәртіптік кеңесінің қызметі туралы бір хабарлама тыңдалды. Аталған мерзімде қаралған тәртіптік істер нәтижесімен 3 мемлекеттік қызметшіге және оларға теңестірілген адамдарға тәртіптік жаза қолданылды. 
Департамент басшысы тәртiптi жазаға тартылғандардың қандай қызмет салаларында істейтінін де көрсетіп өтті. 2014 жылдың І тоқсанында тәртіптік жазаға тартылған 3 адам болса, оның біреуі кент әкімі, келесісі облыстық және аудандық жергілікті атқарушы органның қызметкері және құқық қорғау органының және өзге де мемлекеттік мекеменің қызметкері болды. Осы кезеңде департамент тарапынан облыстағы 13 мемлекеттік органдар тексеру жүргізілді. Тексерулер нәтижесімен 17 заң бұзушылық анықталды. Анықталған заң бұзушылықтар бойынша 2014 жылдың І тоқсанында департамент берген ұсыныстар негізінде 3 мемлекеттік қызметшіге тәртіптік жазалар қолданылды.
Брифинг соңында Ғалым Сұлтанұлы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қойған сауалдарға жауап берді.
Ыдырыс ТҰРЛЫҒҰЛОВ.

АҚПАРАТ 26 сәуір 2014 г. 1 154 0