Кеше облыстық әкімдікте облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалық етуiмен дағдарысқа қарсы штабтың кезекті отырысы болып өтті.
Мәжілісті ашқан аймақ басшысы әлем экономикасының қазіргі ахуалының біздің аймаққа да қатысы бар екенін атап өтті. Бірқатар алпауыт елдердегі экономикалық көрсеткіштердің төмендеуінің және басқа да жағымсыз құбылыстарының әсерінен елімізде Ресей тауарларының импорттық үлесінің артуына әкеп соғуы мүмкін. Бұл өз кезегінде жергілікті тауарлардың бәсекелестігін арттырудың және шағын және орта бизнесті жедел дамыту қажеттігін көрсетеді.
Облыс әкімінің орынбасары Наталья Годунова әлем экономикасында басымдыққа ие болып отырған бағыттарға шолу жасап өтті. Оның айтуынша, бүгінгі таңда әлем экономикасында жаһандану, интернационалдану, аймақтану, интеграциялану процестерінің артуы, сондай-ақ ғылыми-зерттеу, тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға инвестиция үлесін көбейту, трансұлттық компаниялар маңызын арттыру және доллармен қатар басқа валюталармен бәсекелестігі байқалады. Трансұлттық компаниялар маңыздылығын арттырудың мысалы ретінде "Walmart Stores”, "Samsung” және басқа да ірі компаниялар бюджетінің кейбір мемлекеттердің бюджетімен бірдей екенін айтуға болады.
Қызылорда облыстық салық департаментінің басшысы Әлібек Тілегенов мәжілісте шағын және орта бизнестің жариялылығы талаптарына сай бірқатар шаралар қолға алынатынын жеткізді. Атап айтқанда, үстіміздегі жылдың 1 сәуірінен 1 шілдесіне дейін салық төлеушілердің мәдениетін көтеруге, көлеңкелі экономиканы болдырмауға бағытталған акция өтеді. Соған байланысты аудандарда, облыс орталығында «дөңгелек үстел» отырыстары ұйымдастырылып, түсіндірме жұмыстар жүргізіледі. Жергілікті бұқаралық ақпарат құралдарында материалдар жарияланады. Өткен жылы өткізілген осындай жұмыстар облыс бюджетін 102 млрд. теңгеге жеткізуге мүмкіндік берген болатын. Бүгінгі күні аймақта 43 мың шағын бизнес субъектісі мен 8 мың заңды тұлға тір-келген. Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ.