Өткен сейсенбіде Қызылорда қалалық Оқушылар сарайында «Жұлдызай» ІХ республикалық мүмкіндігі шектеулі балалардың шығармашылық фестивалі болып өтті. Мүгедек балалар мен жасөспірімдердің қабілетін, талантын ашып, олардың белсенділігін арттыруды мақсат еткен шараға аймағымыздан іріктеліп, 101 өнерлі оқушы қатысты. Сайыс барысында хореография, вокальдық және аспаптық орындау, сурдо аударма әнін орындау, сәндік қолданбалы шығармашылық, «Менің тату жанұям», «Әлем де мейірімді болады» тақырыбында әлеуметтік видеоролик пен бейнелеу өнері секілді 7 номинация бойынша бақ сынады. Фестивальды облыстық білім басқармасының балалар мен жасөспірімдерді әлеуметтік қорғау бөлімінің басшысы Еркін Ақшалов ашып, балғындарға сәттілік тіледі.
«Фестиваль негізінен 2006 жылдан бері өтіп келеді. Бүгін жергілікті жерден іріктеліп келген балалар өз өнерлерін ортаға салады. Бұл қаріп жандарға жасалған қолдау, олардың өмірге деген құлшынысын ояту, қоғамда өз орындарының бар екенін сезіндіру деп білемін. Жылдан-жылға балалардың ынтасы да артып келеді. Биылғы жылдың ерекшелігі балғындардың жетекші ұстаздарына арнайы шеберлік кластары ұйымдастырылды», – деді бөлім басшысы.
Тоғызыншы мәрте өтіп жатқан кешке «Жұлдызай» фестивалінің режиссері Бақытжан Тажин, корпоративтік «Жұлдызай» қоры директорының орынбасары Алтынай Тәңірбергенова төрелік етті. Шара барысында мүмкіндігі шектеулі болса да, өзгелермен тең екенін сезінген жасөспірімдер ән айтып, би де биледі. Тіпті, олардың жасаған қолөнер бұйымдары барша көрерменді таңғалдырды. Себебі, көпшіліктің қолынан келе бермейтін гобелен, оригами, пайетка секілді түрлі өнер туындыларын жасау балалардың ешкімнен де кем емес екенін дәлелдей түскендей.
Жалпы, балғындардың талабы мен талантына шабыт берген фестивалдің нәтижесі алдағы уақытта анықталады. Яғни, жеңімпаз атанған өнерлі жастар мамыр айында Астана қаласында сынға түсіп, Сыр елінің намысын қорғайды деп күтілуде.
М.ОТАРАЛЫ.