«АЛТЫН КҮЗ» ЖИЫН-ТЕРІМ ҒАНА ЕМЕС, ҰЛЫЛАРЫМЫЗДЫ АРДАҚТАР КЕЗ»

Газет тілшісімен болған сұхбат барысында әңгіме ауанын осылай бастаған Шиелі ауданының әкімі Мұрат Ергешбаев өз сөзін әрі қарай былай жалғады:
– Сұлу Сырдария өзенінің бойында орын тепкен киелі мекен – Шиелі ауданының қашанда шоқтығы биік. Осынау шырайлы өлкенің мақтан тұтар тұстары жетерлік. Сондықтан, туған жеріміздің тарихи тағылым беретін орындары мен ұлыларының қадір-қасиетін бүгінгі ұрпаққа жеткізіп, рухани мәнін терең таныта білу парызымыз деп түсінеміз.
Бұл жерді мекендеген халқымыздың бойында еңбекқорлық пен іскерлік, төзімділік пен қайсарлық бар. Бұл елде қара қылды қақ жарған әділ би-шешендері мен ақын-шайырлары, білгір көсемдері мен ел қорғаған батыр тұлғалары өмір сүрген.
Алты алаштың ардақтысы Мұстафа Шоқай, атақты әнші-палуан Иманжүсіп, Сыр сүлейлері Бұдабай, ағайынды Мәнсұр мен Нартай, қазақ ғылымы, әдебиеті мен мәдениетінің көрнекті өкілдері Әуелбек пен Қалжан Қоңыратбаев, Әбділда Тәжібаев, Шахмардан Есенов, Қалмақан Әбдіқадыров, Мырзабек Дүйсенов, Мүсілім Базарбаев және екі мәрте Еңбек Ері Ыбырай Жақаев бастаған 41 Еңбек Ері бұл өлкенің қасиетті суынан күш, топырағынан нәр алған тұлғалар тізбегі.
Міне, осындай ұлы бабалардың өмір соқпағының ұрпақтан ұрпаққа ұласып, өнер-өзен ағысын жоғалтпағанын айғақтап, жұртшылыққа таныстыру кейінгі ұрпақтың өмірлік ұстанымы.
– Жұртшылық хабардар болып қалды, биылғы күз мерекесінде Иманжүсіп атамыз ерекше аталады деп жатыр...
– Рас сөз, биылғы жылы «Алтын күз – 2013» мерекесі сал-сері, палуан, әнші, композитор, бостандық пен тәуелсіздік үшін өмір бойы күресіп өткен ардақты азамат «Иманжүсіп Құтпанұлының 150 жылдығы» аясында аталып өтетін болады.
Иманжүсіп Құтпанұлының бойындағы ерекше қасиеттер атасы Тұрғанбай датқадан, әкесі Құтпаннан дарып жас кезінен-ақ жырға, шешендік сөзге құмар болып, сал-серілер дәстүрін ұстап, саятшылық құрып, палуан атанған тұлға.
Оның кең ауқымды әндері Арқада, Жетісуда көп таралған. "Сарымойын”, "Бұғалы мен Тағалы”, "Ішім өлген, дүние-ай, құр сыртым сау”, "Әкем Құтпан болғанда, ағам Шонай”, "Қысырақтың үйірі жирен ала”, "Мен қалайша жалғанда тұрақтайын”, т.б. әндері өр үнді әншінің азаматтығын танытады.
Өнерзерттеуші Затаевич Иманжүсіптің бірнеше әндерін жазып алып, "Қазақ халқының 1000 әні” атты жинағына енгізген. Соңғы жылдары Иманжүсіптің жаңа әндері де табылып отыр. Ақынның "Сейфүл-мәлік”, "Сарыарқа”, "Сарыбел”, "Ерейментау”, "Болған жастан”, т.б. әндері әр жылдарғы фольклорлық экспедициялар кезінде жазылып алынған. 2001 жылы жарық көрген батырдың немересі Раушан Көшенованың "Иманжүсіп” атты кітабына жоғарыдағы әндер толық енгізілгендігі де үлкен олжа.
Осы орайда, алты Алашқа аты мәшһүр – Иманжүсіп Құтпанұлының 150 жылдық мерейтойын дүбірлете өткізуді, өткен тарихты келешек ұрпаққа насихаттауды және ел ақынын ұлықтауды бүгінгі ұрпақ өзімізге борыш санап отырмыз. Той кәдесіз болмайды, жазба ақындардың мүшәйрасы, ақындар айтысы, басқа да шараларға едәуір қаржы бөлдік.
Бастысы – «өткенсіз бүгін жоқ» демекші, Елбасымыздың өз Жолдауларында атап көрсеткеніндей, қымбатымызды қастерлеп, барымызды бағалай білу, қолда барды қадір тұту деп түсінеміз. Жамағатты ел байлығымен бірге, жан байлығын молайтуға шақырамыз.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Нұрмахан ЕЛТАЙ.
АҚПАРАТ 19 қазан 2013 г. 2 037 0