ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ, ТАРИХЫ КЕНЕН АҚТӨБЕ

ӨНЕРКӘСІПТІ ӨҢІРДІҢ ӨРКЕНДЕРІ
ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ, ТАРИХЫ КЕНЕН АҚТӨБЕ«Қазақстан жолы — 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Қазақстан халқына Жолдауында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Инновациялық индустрияландыру трендін түзеу және күшейте түсу маңызды. Мен Үкіметке 2016-2019 жылдарға арналған Үдемелі индустрияландырудың Екінші бесжылдығы жобасы жөнінде бірқатар тапсырмалар бердім» — деп атап өтіп, сонымен қатар, Қазақстан үшін дәстүрлі өндіруші секторлар тиімділігін арттыру маңызды екенін айтқан болатын. «Бұлар – біздің бәсекедегі табиғи артықшылықтарымыз» — деп атап көрсетті Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев.
Елбасы тапсырмасы жергілікті жерлерде қалай жүзеге асырылып жатыр? Осыған орай 7 сәуірде ұлттық арнаның облыстық филиалдары арасында «Инновациялық индустрияландыру тренді: жаңа сапалық деңгей» деген атпен аймақтық телекөпір өткізілді. Телекөпірге Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан және Атырау облыстары әкімдерінің орынбасарлары, аталмыш облыстардағы кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық даму басқармалары басшылары, өңірлік кәсіпкерлік палаталар директорлары және ірі кәсіпорындар басшылары мен еңбеккерлері, сондай-ақ, БАҚ өкілдері қатысты.
Байланысқа бірінші болып шыққан ақтөбеліктер – олардың арасында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «АГРАН» және «Стройдеталь» ЖШС мамандары мен жұмысшылары бар – «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның жаңа ғимаратында жиналды.
Облыс әкімінің бірінші орынбасары Нұрмұхамбет Әбдібеков:
– Ақтөбе облысында соңғы 4 жылдың ішінде жалпы құны 301,8 миллиард теңге болатын 70 жоба іске асырылып, 5 мың тұрақты жұмыс орны ашылды, – деп атап өтті.
Облыста Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы қарқынды түрде жүзеге асырылып келеді. 2013 жылы 115,1 млрд. теңгеге 8 инвестициялық жоба іске асырылды, соның ішінде «Қазхром» ТҰК» АҚ-ның жылына 440,0 мың тонна жоғары көміртекті ферроқорытпа өндіретін жаңа ферроқорытпа зауытының (№4 цех) құрылысы маңызды жобалардың бірі болып табылады.
Нұрмұхамбет Әбдібеков, сондай-ақ, алдағы жоспарлар жөнінде айтты.
2014 жылы 10 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Олардың жалпы құны – 200 млрд. теңге. Арасында: «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ үшінші Жаңажол газ өңдеу зауытының 2-3 кезектері құрылысы; рельс арқалығы зауытының құрылысы; «Ақтөбе-Жылыжай» ЖШС-ның жылыжай кешені (жалпы аумағы – 3 га) құрылысы сынды маңызды жобалар бар.
Экономиканың басты секторларына отандық және шетелдік инвестицияларды тарту, сондай-ақ, әлемдік талаптарға сай келетін заманауи өнеркәсіптік-өндірістік кешендерді дамыту мақсатында Ақтөбе қаласында Индустриялдық аймақ құру бойынша жұмыстар жүргізілуде.
– Бағдарламаның іске асырылуы экономикалық және әлеуметтік мәселелерді шешуге және кәсіпкерлікті дамыту үшін қолайлы жағдайлар жасау арқылы өңірлік экономиканың дамуына жол ашады, — деп атап өтті облыс әкімінің бірінші орынбасары.
«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ бас директоры Ван Цзюньжэнь жалпы қуаты жылына 6 млрд. текше метр болатын үшінші Жаңажол газ өңдеу зауытының 2-3 кезектері құрылысы маңызды жоба екенін айтты. Бұл жобаның іске асырылуы еліміздің оңтүстік өңірлерін газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар, телекөпірде «Стройдеталь» ЖШС директоры Анатолий Симонов және «АГРАН» зауыты Ақтөбе филиалының директоры Николай Стефанишин де сөз алып, өздері басқарып отырған кәсіпорындарда атқарылып жатқан үлкен істер жөнінде әңгімеледі.
Жалпы, облысымыздың Кеден Одағы елдерімен тауар айналымы 1,5 миллиард долларды құрап отыр. Бұл қаржының үштен бірі — экспорттың үлесінде.
Телекөпір соңында өңірлік кәсіпкерлік палаталар директорлары үндеу жариялады.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде кәсіпкерліктің дамуына ерекше назар аударып келеді. Мемлекет тарапынан Қазақстанның барлық аймақтарында бизнестің кең қанат жаюына барынша жағдай жасалуда. Еліміздегі барлық жаңашыл, инновациялық-индустрияландыру жұмыстарына жан-жақты қолдау көрсетіп, әлеуметтік-экономикалық дамуына үлесімізді қосайық! Еліміздегі техно-инновациялық ұйымдармен арадағы қатынасты нығайтуға барынша еңбектенейік!» делінген үндеуде.
И.ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

БАТЫРЛАР МЕН БИЛЕР МЕКЕНІ
ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ, ТАРИХЫ КЕНЕН АҚТӨБЕ ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ, ТАРИХЫ КЕНЕН АҚТӨБЕ ТАМЫРЫ ТЕРЕҢ, ТАРИХЫ КЕНЕН АҚТӨБЕ
 

НЕСІБЕ
(Жырауларша әсірелеу)
Ай-хай, дүние, сайран самал соғады,
Тоқ шаңырақ, құт ірге.
Ақтөбені көрмегендер көп әлі.
Келдің.
Көрдің.
Шүкір ме?

Уа, көрдіңіз! Жайдары жұрт, кішік ел,
Көркем әлем, көк арай!
Талай-талай ақылы мол кісілер
Ақтөбені сағынбайды,
...О, қалай?

Ақтөбенің Алматыдан несі кем,
Астанадан немесе?..
Түсіндіріп берер едім, кешігем,
Өзің айтшы, жеңеше.

Ұқтырар ем, жол күтіп тұр, кешігем,
Алматыға асықтым.
Алматыда, уай, менің артық еді несібем,
Бірақ ылғи Ақтөбеге ғашықпын.

Ақтөбеде сайран самал соғады,
Күледі Күн, толады Ай.
Ақтөбені көрмегендер көп әлі,
...Обал-ай!

БІЗДІҢ ҚҰСТАР
Ақтөбе деген дәу қала,
Емес бұл пікір ұшқары.
Көптеген құстар жүр, әне, құмдақ аулада,
Біздің қаланың құстары.

Ақтөбе — дарқан аймақ бұл,
Көңілім менің мәз-ақ тым.
Жүр, әне, біздің қазақ тілінде сайрап кіл
Құстары біздің қазақтың.

Біздің қазақтың құстары бұлар. Таласпа,
Мен бұларды түсінем.
Бұлар өте тілектес біздің алашқа,
әндер арнайды, сүйеді сосын ішінен.

Бұлар барда қиял — жүйрік, арман — нар, 
гүл — әдемі, анау — құшақ жайғыш тал.
Жылдам кетіп қалмаңдар,
Ай, құстар!

Рас, талай көп нәпақа тергенсіз 
шақырғанда жайлау-жеңге, түз-ана.
Ал Ақтөбе өксиді ғой сендерсіз,
Уа, құстар, ұзама!
Ертай АШЫҚБАЕВ,
ақын, Қазақстан Жазушылар одағы сыйлығының лауреаты.
Ақтөбе қаласы.

АҚПАРАТ 22 сәуір 2014 г. 1 920 0