Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен кәсіпкерлер кеңесінің отырысы өтті. Онда 11 инвестициялық жоба таныстырылды.
Кеңес отырысын ашқан аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев отырыстың маңызы мен ауқымдылығына тоқталды.
– Құрметті кеңес мүшелері, бүгінгі отырыста біз кәсіпкерлікті қолдау саясатына тоқталамыз. Өздеріңізге белгілі, елімізде Елбасының бастамасымен, қолдауымен кәсіпкерлікті дамытуға барлық жағдай жасалуда. Украинадағы жағдай өздеріңізге белгілі. Біз өзіміздің стратегиялық әріптестеріміз Ресей, Қытай, Беларусь секілді елдермен байланыста бола береміз. Сыртқы ресурстардың қолжетімділігі қиындағаннан кейін Елбасы ішкі ресурстық жағдайға көңіл аударып отыр. Кәсіпкерлікті қолдауға 1трлн. теңге көлемінде қаржы бөлініп отыр. Бізде де Елбасының саясаты арқасында кәсіпкерлікті қолдауға қаржы қаралды. Ендігі мәселе сапалы, жақсы жобаларды ұсынуда. Яғни, біздегі мәселе қаржы емес, сапалы жобаларды ұсынуда болып отыр,– деді облыс әкімі өз сөзінде.
Онан соң инвестициялық жобаларға кезек берілді.
Алғашқылардың бірі болып "Шиелі тас” ЖШС ұсынған "Силикат кірпішін өндіру зауыты” жобасы таныстырылды. Шиелі ауданынан құрылысы жоспарланып отырған бұл зауыт жылына 15 млн. дана кірпіш өндірмек. Жобаның жалпы құны 600 млн. теңге. Аталған жобада 42 тұрақты, 100 маусымдық жұмыс орны жоспарлануда. Құрылыс мерзімі 2014-2015 жылдарды қамтымақ.
Маңызды жобалардың бірі – "Етті тереңдетіп қайта өңдеу кешенінің” құрылысы. Жобаны ұсынушы – "Бест сервис ТД” ЖШС. Жобаның құны 300 млн. теңгені құрайды. Бұл жоба жүзеге асырылса, 60-80 жұмыс орны ашылмақ.
"Газдалған және газдалмаған сусын өндірісі” жобасын ұсынушы "Аквалайн” ЖШС директоры Ғалым Жақсылықов жерге қатысты мәселенің туындап отырғанын алға тартты. Жобаның жалпы құны 150 млн. теңгені құрайды.
Сонымен бірге отырыста "Құмкөл Мұнай Транс LTD” компаниясы ұсынған "Бұрғылау құбырларын инновациялық әдіспен қайта жөндеу”, "ҚазЭлектроИнжинирингСервис” ЖШС-ның "Мұнай өңдеуге қажетті стандартты емес құрылғыларды өндіру”, "Олжа А” ЖШС ұсынған "Жылдам дайындалатын күріш ботқасын өндіру”, сондай-ақ, "Тіректі арматуралар шығаратын зауыт құрылысы”, "Қамыстыбас” демалыс аймағында коттеджді қалашықтың бірінші кезеңінің құрылысы” секілді жобалар қызу талқыланды. Жобаларды жүзеге асыруға байланысты туындап отырған мәселелер ашық айтылып, оларды шешу жолдары қарастырылды.
Кеңес отырысын қорытындылаған облыс әкімі Қырымбек Көшербаев кәсіпкерлер ұсынған жобаларда кездесіп отырған мәселелерді шешу үшін тиісті сала басшыларына бірқатар тапсырмалар берді, сонымен бірге келесі басқосуда осы берілген тапсырмалардың сұралатынын баса айтты.
Айнұр БАТТАЛОВА.