ӘДІЛ БӘСЕКЕЛЕСТІККЕ БАСА НАЗАР АУДАРЫЛДЫ

Баспасөз клубында Қызылорда облысы бойынша монополияға қарсы инспекциясы мемлекеттік мекемесінің басшысы Әлім Аймырзаев журналистермен жүздесіп, инспекцияның биылғы жылдың өткен тоғыз айында атқарылған жұмыстар жөнінде айтып берді.
Инспекция басшысының айтуынша, есеп беріп отырған мерзімде тауар нарықтарындағы талдаудың қорытындысы бойынша инспекция агенттікке тиісті тауар нарығында үстем немесе монополиялық жағдайға ие нарық субъектілерінің мемлекеттік тізіліміне 4 субъектіні енгізу және 9 субъектіні тізімнен шығару туралы ұсыныс берген. Жалпы биылғы жылдың 1 қазаны бойынша алғанда тізілімде Қызылорда облысындағы субъектілердің саны 24-ке жеткен. Осы мерзім ішінде тиісті тауар нарығында бәсекелестік ортаның жайын бағалау мақсатында 21 тауар нарығына талдау жүргізілген. Соның ішінде 6 отын-энергетикалық кешені, 2 көлік, 3 телеқатынас, 3 өнеркәсіп, 2 азық-түлік тауарлары мен басқа да екі салаға талдау жасалған. Талдаулар барысында сұйытылған газды көтерме сату, сұйытылған газды бөлшек сату, сол секілді интернет желісіне қол жеткізу қызметтерінің бөлшек саудасы, темір жол техникасына күрделі жөндеу қызметі және тағы да басқа бірнеше сала жұмыстарына талдау жасалған.
Есепті кезеңде инспекция монополияға қарсы заңнамасын бұзушының бойынша 4 субъектіге қарсы 4 тергеу жұмыстарын жүргізді. Сонымен қатар, инспекция мамандарының күшімен 7 әкімшілік іс те қаралған. Соның нәтижесінде 3808200 теңге қаржы мемлекеттік бюджетке түсірілген. Сондай-ақ, есеп беріліп отырған мерзім ішінде 23 мемлекеттік кәсіпорындар мен мемлекеттік қатысумен заңды тұлғаларды құруға өтініш хаттар да қаралған. Жалпы өтініш хаттарды қарау барысында бір субъектіні құруға бас тартылса, басқа құрылған МКК мен ЖШС-лар білім, спорт, мәдениет және тұрғын үй шаруашылығы саласында жұмыс істейді. Сонымен қатар, өткен тоғыз айда екі экономикалық шоғырлануға келісім беру туралы өтініш хаттар да түскен. Оның бірі «Байқоңыр « ӘКК ҰҚ» АҚ-на келісім берілсе, «ҚұмкөлТрансСервис» ЖШС-на ескертулер болғандықтан әрі оның құрылтайшысы ел аумағының шегінен тыс орналасқанына байланысты келісім беруден бас тартылған.
Негізі аталған мерзімде қолданыстағы монополияға қарсы заңнамалар нормаларын түсіндіріп, адвокаттандыру жұмыстарын жүргізіп, әділ бәсекелестіктің артықшылығымен инспекцияның қызметінің қорытындылары туралы ақпарат құралдарында өз уақытында мақалалар жариялаған.
Баспасөз мәслихаты барысында инспекция басшысы Ә.Аймырзаев журналистер тарапынан қойылған сауалдарға толыққанды жауап қайтарды.
Айғали ҚАРАБАЛАЕВ.
АҚПАРАТ 19 қазан 2013 г. 1 066 0