КӘСІПКЕРЛІК ҰЛТТЫҚ ЭКОНОМИКАНЫ АЛҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ

Сейсенбi күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен облыс әкімдігінің кеңейтілген мәжілісі өтіп, онда аймақтың тыныс-тіршілігіне тікелей байланысты бірқатар мәселелер қаралды.
Облыс бюджетінің атқарылуы туралы хабарлама жасаған облыс әкімінің орынбасары Н.Годунова бірінші тоқсанның қорытындысымен бюджет қаржысын игерудегі төмен нәтиже көрсеткен аудандар мен бюджет әкімшілерін сынға алды. Кейбір басқармалардың қаржыландыру жоспарын негізсіз өзгертуі олардың жыл түгілі бір айды да дұрыс жоспарлай алмайтындықтарын көрсетіп отыр. Мемлекеттік сатып алу конкурстарын толық өткізбегендерге тез арада әрекет ету тапсырылды. Елбасы тапсырмасы бойынша конкурстық комиссияларға бірінші басшы төрағалық ету керек. Алайда, өткізілген конкурстардың көпшілігіне басшылардың орынбасарлары жетекшілік еткен. Облыс басшысы конкурстық комиссиялар құрамын қайта қарауды, жетекшілік жасауды бірінші басшыларға тапсырды. Бірінші жартыжылдықтың қорытындысында бюджет қаржысын игеруге қатысты нақты шешімдер қабылданатын болады.
Ағымдағы  жылы пайдалануға берілетін және күрделі жөндеу жүргізілетін нысандардың мәселелері туралы хабарлама жасаған облыс әкімінің орынбасары Н.Әлібаев биыл құрылысқа, жобалауға республикалық және облыстық бюджеттерден 26,6 млрд. теңге бөлінгенін атап өтті. Аймақта 86 нысанда құрылыс жұмыстары жүргізіледі. 
Білім беру саласының – 38, денсаулық сақтау саласының – 20, мәдениет саласының 11 нысанына құрылыс және жөндеу жүргізілмек.  Сонымен бірге, "Бизнестің жол картасы - 2020» бағдарламасы аясында  8 нысан салынып,  3 спорттық-сауықтыру кешені, 1 стадион, 1 мәдени-спорт кешені қайта жаңғыртылып, Тереңөзек кентінде спорттық-сауықтыру кешенінің құрылысы бой көтереді. Қызылорда қаласында мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығы және мұрағат құрылысы жүргізілетін болады.
Жыл соңына дейін барлығы 70 нысанды пайдалануға беру жоспарланып отыр. Облыс әкімі әрбір басшыдан өзі басқарып отырған аумақтағы құрылыс нысанының сапасына қатысты жауапкершілік сұралатынын атап өтті. Шиелі ауданы, Еңбекші ауылындағы өткен жылдың соңында ғана пайдалануға берілген мектеп сапасы туралы ауыл тұрғындары наразылықтарын білдіруде. Мұның бәрі тиісті тұлғалардың өз міндеттерін жауапты, толыққанды орындамау салдарынан туындап отыр.
Шағын және орта кәсіпкерліктің дамуы туралы баяндама жасаған облыстық кәсіпкерлік және туризм басқармасының басшысы Т.Сүлейменов кәсіпкерліктің белсенді субъектілерінің саны өскенін айтты. Бұл өз кезегінде жұмыспен қамтылғандар санының артуына септігін тигізді. 
Жыл басынан бері кәсіпкерлерді оқыту курстарында оқушылардың  белсенділігі артты. Шағын және орта кәсіпкерлікке жүргізілген тексерулер азайған. Барлық қаржы көздерінен 16,3 млрд. теңге несие берілген. Екінші деңгейлі банк филиалдарынан, «Аграрлық несие корпорациясынан», «ҚазАгроқаржыдан», «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы арқылы, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан»,  «Байқоңыр» ӘКК» АҚ ҰК арқылы несие алған кәсіпкерлер өз жобаларын жүзеге асыруда. 
«Бизнестің жол картасы – 2020» бағдарламасы аясында несие бойынша пайыздық мөлшерлемені субсидиялауға бөлінген қаржы толығымен игерілді. Жыл басынан бері аймақтық үйлестіру кеңесі 82 жобаны мақұлдады. 
Елбасы "Кәсіпкерлік – ұлттық экономиканы алға сүйреуші күш болуы тиіс” деп тапсырма беріп, кәсіпкерлікті өркендетуге барлық жағдайды жасап отырғанда осы мақсатқа бағытталған қаражатты алу үшін тиісті құжаттарды дұрыс рәсімдей алмау, өз аяғымен келген несібеден қағылумен бірдей. Қазалыда Аранды, Сырдарияда Шіркейлі ауылдарында несие алушылар жұмыстарын жандандыруда. Ал Шиелі ауданындағы Сұлутөбе, Байкенже, Еңбекші ауылдарында, Жаңақорған ауданында Шалқия, Талап ауылдарында, Арал ауданында Сазды, Бекбауыл ауылдарында, Қызылорда қаласына қарасты Ақжарма ауылдарында бірде-бір адам  несие алмаған. Өткен жылы микрокредитке 3 млрд. теңге, биыл 4 млрд. теңге қарастырылған. Мұндай қаржыға республикада 2 облыс қана қол жеткізіп отыр. Бірақ қарқын әлі де баяу. Өйткені несиені сол баяғы адамдар алады.
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Т.Дүйсебаев халық тұтынатын негізгі тауарлардың бағаларын тұрақтандыруда атқарылған жұмыстарды баяндады. Бірінші сортты ұн, қант және ақ күріш бағасының қымбаттауына жол бермеу үшін оларды сатып алуға 200 млн. теңге бөлінді. Қазір тұрақтандыру қорында жеткілікті мөлшерде картоп, сәбіз, пияз, макарон өнімдері, құс еті сақтаулы және арнайы сауда дүкендерінде сатылуда.
Облыс басшысы азық-түлік бағасына қатысты берілетін ақпарат пен сауда орындарындағы бағаның арасында біршама ауытқушылықтар бар екенін атап өтті. Бәсекелестікті қорғау агенттігі монополияға қарсы инспекция басшысының міндетін атқарушы А.Постанов бағаның негізсіз өсуін болдырмауда атқарылған жұмыстарға тоқталды. Коммуналдық қызметтердің тарифтері туралы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі облыс бойынша департаменті басшысының міндетін атқарушы Г.Өтегенова мамыр айына дейін тарифтер өзгеріссіз қалғанын айтты. Ал мамырдан бастап бір шаршы метр үшін жылу бағасы бұрынғы 78,80 теңгеден шамамен 85 теңгеге  өседі. Сондай-ақ тұрғындар үшін   тауарлы газ бағасы өзгеріссіз қалады. Ал заңды тұлғалар 1000 текше метр газ үшін 66 доллар төлейді. "Бейнеу-Бозой-Шымкент” газ құбырының нарықтық бағасы 1000 текше метр үшін 160 доллар болса, жарты жыл бойы жүргізілген келіссөздер нәтижесінде  66 долларға дейін түсірілді. 
Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Ж.Жылқышиева аудандардағы жұмыс орындарының ашылуына сараптама жасады. "Жұмыспен қамту-2020” бағдарламасының әрбір бағыты бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Бағдарламаны жүзеге асыруға барлық мүмкіндіктер жасалғанымен,  үйлестіруде әлі де кемшіліктер көп. Облыс басшысы өз блогына түскен қармақшылық Жанна Әліпованың хатын оқып берді. 3-топтағы мүгедек, жоғары білімді педагог нарықтағы сұранысқа ие басқа кәсіпті игеру үшін тиісті мекемелердің табалдырығын тоздырған. Жұмыспен қамту орталығындағылар оған көмектеспек түгілі, қағазбастылыққа салынып, барлық ауыртпалықты өз мойнына арта салған.  Қырымбек Елеуұлы  осындай өрескілдікке жол берген қызметкерлерді қатаң сынға алды.        
Облыста мүгедектердің құқықтарын қамтамасыз ету және өмір сүру сапасын жақсарту жөніндегі 2013-2014 жылдарға арналған Жол картасы шеңберінде мүгедектерді жұмысқа орналастыру және оларға «кедергісіз орта» қалыптастыру жоспары бекітілді.
Талдау қорытындысы көрсеткендей, жоспардың орындалуы бойынша Қармақшы, Жалағаш аудандары мен Қызылорда қаласында көрсеткіштер төмен. Арбамен жүретін мүгедектердің әлеуметтік инфрақұрылым нысандарына қолжетімділігін арттыру үшін түгендеу  жүргізілді. Өткен жылы түгендеу жүргізілген 873 нысанның 479-ы бейімдеуге жататыны анықталды. 
Мәжілісте жылу беру маусымының қорытындысы шығарылды. Қыс қатал мінез танытқанымен, жылу маусымы бірқалыпты өтті. Жауапты маусымға жеткілікті деңгейде әзірлік жасамау салдарынан жылу қазандықтарының істен шығуы орын алған.
Сонымен бірге, көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстары нәтижесінде мол су діттеген жерге шығынсыз жетті. Тек Жаңақорған ауданында таудан келген қарғын судың әлегі біраз әбігерге салды.  Бұл жағдай адамзаттың табиғат құбылысына кез келген уақытта дайын болуы керектігін тағы бір ескерткендей.
Мәжілісте қаралған мәселелер бойынша тиісті шешімдер қабылданды. 
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.  

АҚПАРАТ 17 сәуір 2014 г. 825 0