Денсаулық сақтауды дамыту республикалық орталығы денсаулық сақтаудың даму деңгейі бойынша өңірлердегі медициналық ұйымдардың жұмыстарын бағалады. Орталық мамандары еліміздің барлық өңірінде жасалған іс-шараларды таразылай отырып, бұл бағытта жергілікті жерлерде қандай деңгейде әрекеттер жүзеге асқанын бағамдады.
Қуаныштысы, Сыр өңірі үздіктер қатарынан көрінді. Орталық мамандары біздің облыста қолға алынған және атқарылған жұмыстар оң сипатта дамып жатқанын атап өткен. Соның нәтижесінде денсаулық сақтауды дамыту индексі бойынша ең үздік көрсеткіш Қызылорда облысының еншісінде. Ал көш соңында бізге іргелес жатқан Оңтүстік Қазақстан облысы келеді екен. Сондай-ақ, облыстық ауруханалар арасында ересектерге арналған мекемелер арасында алғашқы үш орынға лайықты табылмағанымен, төртінші тұғырға Қызылорда қаласындағы облыстық медициналық ұйым көтерілді.
Денсаулық сақтау министрлігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, «үздіктердің үздігі» қағидасына сәйкес ең таңдаулы деген медициналық ұйымдар анықталды. Сонымен қатар, үздік ұйымды анықтау әр мекеме түріне бөлек-бөлек жүргізілді.
Ә.ТҰРСЫНБЕКҰЛЫ.