ЖАУЫНГЕРЛЕРДІҢ ЖАҒДАЙЫ ҚАЛЫПТЫ

Ағымдағы жылдың 13-сәуірінде Қызылорда қаласына қарасты Қызылжарма елді мекенінде орналасқан №55/47 әскери бөлімінде 36 жауынгер уланып, ауруханаға жеткізілді. 
"Сыр медиа” ЖШС жанынан құрылған облыстық коммуникациялар орталығында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арнап баспасөз мәслихатын өткізген облыстық жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Қаракөз Балабекова, әскери бөлім командирінің тәрбие және әлеуметтік мәселелер жөніндегі орынбасары Евгений Пак орын алған оқиғаға байланысты түсініктеме берді.
Оның айтуынша, алғашқы екі науқас таңертең сағат 10 шамасында өздерінің әлсізденіп, басы ауырып, дене қызуының көтеріліп тұрғанын айтып шағымданған. Онан кейін 17.45-тен бастап қалғандары жеткізілген. Барлығының да басы ауырып, асқа тәбеті төмендеп, дене қызуы көтерілген, әлсіздік, іш өту процесі болған.  Түнгі сағат 1-2-лерде ауруханаға әкелінген науқастардың жалпы саны 31-ге жеткен. Онан соң олардың қатарына тағы бес солдат қосылған. Науқастардың барлығына тиісті медициналық көмек көрсетілген. Бас дәрігердің мәлімдеуінше, бүгінгі таңда алғаш түскен науқастардың жағдайы орташа болып, дене қызуы қалыпқа түскен, яғни, жағдай тұрақталған. Науқастарға "этиологисы белгісіз жедел ішек инфекциясы” деген диагноз қойылып отыр. "Анализдер алынып, зерттелу жұмыстары жүргізілуде. Зерттеулер қорытындысы 3-4 күнде дайын болады. Әзірге оқиғаның нақты себебі әлі белгісіз”,– дейді Қаракөз Рзатайқызы.
Әскери бөлімде инфекцияға қарсы шаралар жүргізіліп, жалпы құрамға қайнамаған суды ішуге тыйым салынған.
***
Кеше, қала әкімі орынбасары М.Тілеумбетов, Қызылжарма ауылдық округі әкімі Ж.Ержанов, "Қызылорда су жүйесі” мекемесінің басшысы М.Өсербаев ІІМ №5547 әскери бөлімінде орын алған жағдайға байланысты баспасөз мәслихатын өткізді.
Әскери бөлім мамандарының тексеруі бойынша оқиғаның себебін ауыз судан көруіне байланысты қала әкімінің орынбасары түсіндірме берді.
– Қызылжарма ауылдық округінде 3 скважиналық станция бар. Қыс мезгілінде бір ғана ауыз су ұңғымасы барлық тұрғындарды қамтитын болғандықтан қалған екеуі көктем-күз мезгілінде ғана қосылады. Осы  ауыз су ұңғымасы ауылда тұратын 6370 тұрғын мен әскери бөлімді сумен қамтамасыз етеді. Сарбаздардың судан улануына негіз жоқ. Өйткені, сол суды ішіп отырған ауыл тұрғындары арасында инфекция тіркелмеген. Су құрамын тиісті сала мамандары жіті тексеріп, сараптама алды. Қауіпті ешнәрсе анықталған жоқ. Арнайы комиссия құрылды. Алдағы уақытта қауіптің қайдан келгенін білетін боламыз - деп, түйіндеді. 
Айнұр БАТТАЛОВА,
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

АҚПАРАТ 15 сәуір 2014 г. 805 0