«Көктемнің бір күні – жылға азық» тәмсілін берік ұстанатын «Нұрасыл» шаруа қожалығы биылғы дала жұмыстарына күн жылт етісімен, ертерек кірісті. Әуелі шаруашылықтағы 50 гектар жоңышқа атызға дискі салып, тырмаласа, қазіргі күні жоңышқа егу жұмыстары аяқталып қалды. Дақылға агротехникалық шаралар мерзімінде әрі сапалы жүргізілсе, ертеңгі өнімнің мол болуының кепілі. Сондықтан да аталмыш шаруашылық осы қағиданы басшылыққа ала отырып, оңтайлы жұмыс ұйымдастыра білді. Ұжым механизаторлары Серік, Шәкен, Ғани есімді жігіттер науқанды жұмыс кезінде уақытпен санаспай тер төгіп, ертеңгі күннің берекелі болуына негіз қаласты.
Шаруашылық төрағасы Тасқын және оның демеушісі Дәулет Жүнбековтер нарықтық қатынастағы ауылшаруашылық жұмыстарын жүргізудің жолын осы салада көп жыл еңбек ете жүріп меңгерген. Уақытты тиімді пайдалана білу және есепке жетік олар жақсы жетістіктерге жол ашқандай. 2010 жылы іргелі шаруашылықтан бөлініп шығып, аталмыш «Нұрасыл» шаруа қожалығын құрған ағайынды жігіттер алғашқы жылдан бастап-ақ, жерді тиімді пайдалану мен күтіміне көңіл бөлді. Жиын-терім нәтижесінде, әр гектардан жоғары өнімге қол жеткізді. Ақжолтай сол табысты жалғастырып, биылғы жылы да өздеріндегі алқапқа 160 гектар күріш егуді жоспарлап отыр. Шиелі ауданы Ақмая ауылындағы оннан астам отбасын жұмыспен қамтып отырған ұжым аудан әкімдігінің кепіл болуы арқылы «Байқоңыр» ӘКК ҰҚ» акционерлік қоғамынан 10 млн. теңге несие алуға ниеттеніп отыр. Осы қаржы қолға тисе, тиісті тұқым мен қажетті минералды тыңайтқыштар, жанар-жағармай мәселесі толық шешілмекші.
Нақты кезеңде шаруашылық су жолдарын тазалауды өз күштерімен бітіріп, егін егу жұмыстарына қатысатын барлық техникаларын сақадай сай әзірлеп отыр.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Шиелі ауданы.