ТУБЕРКУЛЕЗБЕН КҮРЕСТЕ ТАБАНДЫЛЫҚ ҚАЖЕТ

Облыстық кеңес беру диагностикалық орталығында облыстық туберкулезге қарсы күрес диспансерінің бас дәрігері Әбдіғабит Әбләзім мен  салауатты өмір салтын қалыптастыру орталығының директоры Қайрат Мырзахметовтің қатысуымен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз мәслихаты өтті.
Онда сала басшылары өңірде тубрекулезбен аурушаңдықты төмендету бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде баяндады. Мамандардың айтуынша, соңғы 10 жылда аймақта туберкулездің эпидемиологиялық ахуалы тұрақты. Бүгінгі таңда аймақта аурушаңдықтың төмендеу қарқыны 7,5 пайыз, өлім көрсеткішінің кемуі 31 пайызды құраса, балалар мен жасөспірімдер арасында аурушаңдықтың төмендеуі 12,5 пайыз болып отыр. Өткен жылы 623 науқас алғаш рет ауырып тіркелген, 2012 жылы бұл көрсеткіш 662-ні құраған. Сонымен қатар, аурушаңдық көрсеткіші 92-ден 85,1-ге төмендеген. Бұл көрсеткіш республикада 73,5-ті көрсетуде. Өкпе дертімен аурушаңдық балалар арасында 20,2-ден 18,2-ге, жасөспірімдер арасында 154,5-тен 136,8-ге төмендеп, дертке шалдыққан балалар саны 44 баладан 41-ге, жасөспірімдер саны 64-тен 53-ке азайып отыр. 
ҚР Үкіметінің "ҚР тұрғындарын туберкулезден қорғау шаралары” туралы қаулысы негізінде және ҚР Үкіметі жанындағы Ұлтық үйлестіру Кеңесінің бағыттары бойынша аудандық туберкулезге қарсы күрес мекемелерінде науқастарды емдейтін төсек орындары қайта құрылымдалды. Науқастар бактерия бөлетін, бактерия бөлмейтін және созылмалы туберкулезбен белгіленген аудандардағы диспансерлерде емделеді. Соңғы үш жылда 1085 төсек орындық туберкулезге қарсы мекемелердің төсек орнын тиімді пайдалану үшін төсек саны 840-қа дейін оңтайландырылған. Осы орайда дәрігерлер алдағы үш жылда төсек орындарды тағы да 35 пайызға қысқарту жоспарланып отырғанын атап өтті. 
Ауруды ерте және дәрілерге төзімділігін анықтауда  Бактек, Хайн тест, Den Xpert әдістері толығымен қолданылып, науқастарды уақытылы қажетті емге алу 100 пайызға жеткен. Жалпы, емдеу мекемелерінде ауруды ерте анықтау мақсатында салааралық байланыс жолға қойылған. Сондай-ақ, өңірде мәселелерді шешу мақсатында облыс әкімі Қ.Көшербаевтың тапсырмасымен және облыстық мәслихат депутаттарының қолдауымен 2013 жылы "2013-2014 жылдарға арналған тұрғындарға медициналық көмекті жақсарту Жол картасы” жасалынып, сол бойынша туберкулезге қарсы күресті күшейту  бағытында өткен жылға 68 млн. теңге бөлініп, толығымен игерілсе, биыл 1,2 млрд. теңгеге заманауи лабороториялық құрал-жабдықтар алу жоспарлануда. 
Сонымен бірге өткен жылы туберкулездің  тұрақты түрімен ауыратын, бірақ емделуден қашып жүрген 38 науқасты соттың шешімімен мәжбүрлеп емдеген.
Салада кадр тапшылығы да байқалады. Мәселен, дәрігерлермен қамтамасыз ету республикада 94,2 пайыз болса, облыста 90 пайызды көрсетуде. Олардың зейнет жасындағысы 24 пайыз болса, зейнетке дейінгілері 16 пайызды құрайды екен. Дегенмен, мамандардың біліктілігі жағынан біздің облыс республикада алдыңғы орында. 
Аймақта өкпе дертімен күрес қарқынды жүргеніне қарамастан, мамандар тұрғындар арасында аурудың алдын алу бағытындағы насихаттық-ақпараттық жұмыстардың жалғаса беретінін айта келе, тұрғындарға өз денсаулықтарына жауапкершілікпен қараудың маңыздылығын ескертеді.
Айнұр БАТТАЛОВА.

АҚПАРАТ 12 сәуір 2014 г. 867 0