ИМАМДАРҒА АЙЛЫҚ ТӨЛЕНБЕКШІ

Биыл ҚМДБ-ның төрағасы, Бас мүфти Ержан қажы Малғажыұлының  бастамасымен "Дін және дәстүр” жылы болып жарияланды. Ағымдағы жылы облыстық дін істері басқармасына қарасты мемлекеттік   дін мәселелерін зерттеу орталығы коммуналдық мекемесі ашылды. 
Облыстық басқарма негізінен конфессияаралық келісімді қамтамасыз етуші, діни бірлестіктердің қызметі  саласындағы мемлекеттік саясат мәселелері бойынша  түсіндіру жұмыстарын жүргізуші және жергілікті атқарушы органдардың қызметін үйлестіруші болып табылады. Бұл күндері Сыр өңірінде барлығы 157 діни бірлестік жұмыс жасайды. Осы ретте Қазақ даласында ғасырлар бойы дәстүрлі дінмен біте қайнасқан халықтық салт-дәстүрлерді бұрысқа санап, жоққа шығаратын кертартпа ағымдардың белең алғаны да мәлім. Демек, жалпы жұртшылықтың діни сауаттылығын, мешіт  қызметкерлерінің  біліктілігін арттыру арқылы дәстүрлі ислам құндылықтарын түсіндіру шаралары үзіліссіз жүргізілуі шарт. Жасыратыны жоқ, өңірдегі мешіттерде жоғары діни білімді кадрлар жетіспейді. Осы орайда ҚМДБ-ның облыстағы өкілдігімен бірлесіп, республика көлемінде діни бағытта білім алып жүрген 71 шәкіртті Сыр аймағына тарту жұмыстары жүргізілуде. 
Сонымен қатар облыс көлеміндегі мешіт имамдары мен дінтанушы  мамандардың  шалғайда орналасқан елді мекен тұрғындарына уағыз айтуға, дәстүрлі дінді түсіндіріп, дәріптеуге мүмкіндік беретін  "Skype” дауыстық, бейнеқоңырау шалуға болатын және ғаламтор арқылы чат қызметін қамтыған бағдарламалық жабдыққа қосылу бағытындағы шаралар жүзеге асырылды. Жергілікті атқарушы билік жанындағы ақпараттық-насихаттық топ қызметін жандандыру қолға алынды. Бұл мәселелер  "Сыр медиа” ЖШС жанынан құрылған Қызылорда облыстық коммуникациялар орталығында өткен брифингте айтылды. Облыс журналистерінің алдында облыстық дін істері басқармасының басшысы Бақытжан Камалов аймақтағы діни ахуал туралы жан-жақты әңгіме өрбітті. 
Брифингте сөз алған орталық "Ақмешіт-Сырдария” мешітінің бас имамы Талғат Омаров пен  Қазан "Құдай-ана иконасы” православтық шіркеуінің настоятелі Виталий әкей өз тараптарында атқарылып жатқан игі істерге тоқталып, жасөспірімдер арасындағы суицидті болдырмау төңірегіндегі ой-пікірлерін білдірді. 
Қоғам өміріне дендеп еніп, талай жандарға қасірет сыйлап үлгірген кертартпа ағымдармен күресу имам-молдалардан біліктілікті, білімділікті қажет ететіні даусыз. Осыған орай өткен жылы 164 дін қызметкері арнайы семинар-тренингтерге қатысып, білімдерін шыңдады.  
Жұмагүл ОРАЛБАЕВА.

АҚПАРАТ 12 сәуір 2014 г. 878 0