Қазақстандағы барлық ұлт өкілдерінің мүддесін қамтамасыз етуші ұйым құру туралы идеяны алғаш рет Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 1992 жылдың желтоқсанында өткізілген форумда айтты. Аталған форумда Мемлекет басшысы баяндама жасап, Қазақстан дамыған елдер қатарына қосылу үшін, ел тұрғындары бай, әл-ауқаты жоғары өмір сүру деңгейіне жету үшін халықтың ынтымағы, бірлігі мен татулығының негізгі рөл атқаратынын ерекше атады. 1995 жылғы наурыз айында Қазақстан Республикасының Президенті жанынан консультативті-кеңестік орган ретінде Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылды.
Қазіргі таңда Ассамблея этносаралық және конфессияаралық қатынастар саласындағы мемлекеттік саясатты жүзеге асырушы маңызды құралға айналып, елімізде тұрмыс кешіп отырған барлық этностардың өзара тең құқықты қатынасын қамтамасыз етуші алаң рөлін атқаруда. Бірнеше жыл ішінде аталған құрылым қоғамдағы тұрақтылықты сақтаушы құралға айналғанын уақыттың өзі дәлелдеп отыр.
Ассамблеяның өміршеңдігінің ең басты ерекшелігі – ол этностық топтардың қызметін бақылаумен айналысатын қарапайым ұйымға ғана айналып қоймай, сонымен қатар еліміздегі барлық ұлт пен ұлыстың мүдделерін бір арнаға тоғыстырушы, барлық азаматтардың этностық, діни ерекшеліктеріне қарамастан құқығы мен бостандығын сақтаушы толыққанды саяси институтқа айналуында.
Мен осы Ассамблеяның облыстағы мүшесінің бірімін. Аймақтарда Қазақстан халқы Ассамблеясының бастамасымен мемлекеттік саясат пен еліміздің қоғам бірлігін нығайту бағытындағы мақсат-міндеттерін халыққа түсіндірумен айналысатын арнайы ақпараттық-насихат топтары құрылып, нәтижелі еңбек етуде. Бүгінгі таңда 400-ден астам адам ел ішінде насихаттау жұмысын жүргізуде.
Ассамблея дүниеге келген жылдан бері атқарған қызметі мен жүріп өткен сара жолы қазақстандық этносаралық және конфессияаралық келісім үлгісінің әлемдік қауымдастық алдында беделді ұйымға, ел қоғамының құрамдас бөлігіне айналғанын көрсетті. Жақын арада өтетін Қазақстан Ассамблеясының ХХІ сессиясының күн тәртібіне «Қазақстан-2050» стратегиясы: бейбітшілік, руханият және келісім мәдениеті» тақырыбы ұсынылып отыр. Бұл басқосуда тағы да халықаралық дәрежедегі келелі мәселелер қозғалып, ел бірлігі жолындағы айқын мақсаттар көрініс табатынына сенемін.
Людмила ЛИ.
Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі.