БІРЫҢҒАЙ ВАЛЮТА БОЛМАЙДЫ

ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев Еуразиялық экономикалық одақта бірыңғай валюта болмайтынын мәлім етті. «Мұндай сөздердің қайдан шығатынын білмеймін. Бірыңғай валюта туралы әңгімені қозғаған емеспіз. Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартта мұндай мәселе жоқ. Ешқандай бірыңғай валюта болмайды, теңге қалады», - деді Б.Сағынтаев. Сонымен бiрге, ол ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімовтiң Еуразиялық экономикалық одақ құру аясындағы мәселелерді талқылау үшін Мәскеуге іссапармен баратынын жеткізді.
ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары атап өткендей, Кеден Одағы аясында Қазақстанның инвестициялық тартымдылығы артып отыр. Оның мәліметі бойынша, 2013 жылы еліміздің Ресей және Беларусь мемлекеттерімен тауар айналымы 24 млрд. доллардан асқан.
– Кедендік Одақ құрылған уақыттан бері Қазақстанның өңдеу өнеркәсібіне тартылған шетелдік инвестиция көлемі екі есеге жуық өсті. 2009 жылы экономикаға құйылған инвестиция көлемі 1,8 млрд. доллар болса, 2012 жылы бұл көрсеткіш 3,4 млрд. долларға жеткізілді. Бұл орайда тікелей шетелдік инвестицияның жалпы көлемі 34 пайызға өсіп, 28 млрд. долларға жетті. Кеңес Одағы аясында біз сауда бәсекелестігінен қалыс қалып отырмыз деген мәлімдемелерге сенудің қажеті жоқ. Мысалы, бізде кондитерлік өнімдер, шоколад экспорты 3 есе, Ресей мен Беларуське жүк көліктерін тасымалдау көлемі 17 есеге, цемент экспорты 16 есеге өсті. Мұндай мысалдар көп, – деді Б.Сағынтаев.
Кезекті брифинг отырысына қатысқан "Самұрық-Энерго” АҚ Басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев биыл Астанада Экономикалық форум аясында әлемдік энергетика көшбасшыларының саммиті өтетінін хабарлады.
– Халықаралық серіктестікті дамытудағы маңызды кезең 2014 жылы Астана Экономикалық форумы аясында Әлемдік энергетика көшбасшылары саммитін өткізу болып табылады. Уағдаластыққа өткен жылы Корея республикасының Тэгу қаласында өткен 22-Дүниежүзілік энергетикалық конгресс қорытындылары бойынша қол жеткізілді. Қазақстанның бұл беделді ұйымға мүшелігін «Кazenergy» ЗТБ қамтамасыз етеді. Астанада өтетін болып көзделген Саммит энергетика әлеміндегі маңызды оқиғалардың бірі, ол халықаралық компаниялар басшыларының, Энергетика министрлері мен ӘЭК Ұлттық комитеттері төрағаларының қатысуымен жоғары деңгейдегі кездесу болып табылады, - деді А.Сәтқалиев.
А.ҚАРАПАЕВА.

АҚПАРАТ 10 сәуір 2014 г. 907 0