Өткен сенбіде «Гранд Плаза» бизнес орталығында «Қызылорда облысындағы геология және барлау жұмыстарының келешектегі дамуы» тақырыбында семинар болып өтті. «Құмкөл көлік қызметі» серіктестігінің ұйытқы болуымен «Геологтар күні» мерекесіне орай өткізілген жиынға облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреев қатысты.
«Дөңгелек үстел» жұмысына дейін семинарға қатысушылар «Еуразия» спорт кешені аумағында орналасқан Шахмардан Есеновтің ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Ал, аймағымыздағы геологиялық барлау жұмыстарының мақсаты мен дамуын саралаған жиынды облыс әкімінің орынбасары Ғалым Әміреев ашып, өткен жылы наурыз айында өткен «Байқоңыр» бірінші Инвестициялық форумында облыс әкімдігі мен Индустрия және жаңа технологиялар министрлігінің Геология және жер қойнауын пайдалану комитетімен екіжақты іс-әрекет және ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғанын, мұның нәтижелі жұмыстың бастауы болғанын айтты.
– Өздеріңіз білесіздер, елімізде көмірсутегі шикізатының 4,5 пайызы Қызылорда облысында өндіріледі. Алайда, мұнай мен газды оңай өндіру кезеңі аяқталды. Тек қана «Торғай Петролеум» компаниясында былтыр мұнай өндіру 450 мың тоннаға төмендеді. Сондықтан да өндіріске инновациялық әдістерді енгізудің маңызы артып отыр. Бұған қоса, жер қойнауы қазынасын барлау жұмыстарына ерекше мән беру қажет, – деді облыс әкімінің орынбасары.
Мұнан соң Ғ.Әміреев жуырда Атырау облысында мұнай саласында еңбек етіп жүрген компаниялар арасында көрме өткенін, оған облысымыздың мұнайшылары тұңғыш рет қатысқанын жеткізді. «Дөңгелек үстел» басындағы кездесулерде «ЕмбіМұнайГаз» секілді ірі компаниялармен тиімді келіссөздер жасалғанын, Атырау облысының әкімдігі мұндағы мұнай компанияларына сервистік қызмет көрсету ісінде бірлесіп жұмыс жасауға шақырғанына тоқталды. Осылайша, Сыр бойындағы сервистік компаниялар еліміздің батысындағы мұнай нарығына кіруге мүмкіндік алып отырғанын атап өткен облыс әкімінің орныбасары жергілікті мұнай компаниялары басшыларын Қашаған мен Теңіз кеніштеріндегі жобаларға қатысуға шақырды.
Геолгиялық барлау саласы Елбасының тапсырмасындағы басым бағыттардың бірі. Осы орайда Ғ.Әміреев Оңтүстік Торғай иініндегі көмірсутегі қорын зерттеу ісін мемлекеттік бюджет арқылы шешу мүмкін еместігін, оған жеке мен мемлекеттің әріптестігі арқылы қол жеткізуге болатынына арнайы тоқталды. Сондықтан да бүгінгі таңда геологиялық барлау жасайтын инвесторлар іздестіріліп жатқанын, бұл бағыттағы жұмыстарды кең ауқымда жүргізу үшін серіктестікке шақыратынын атап өтіп, семинар жұмысына сәттілік тіледі.
Мұнан соң сөз алған «Оңтүстікқазжерқойнауы» мемлекеттік мекемесінің басшысы Саят Қыдырманов мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі факторы геологиямен тығыз байланыста екендігін атап өтті. Ол 2011 жылы Ел Президентінің Жарлығымен геологтардың кәсіби мерекесі сәуір айының алғашқы жексенбісі болып белгіленгенін жеткізіп, жер қойнауын зерттеуші мамандарды төл мерекемен құттықтады.
«Сыр өңірі – пайдалы қазбаларға бай өңір» деп атап өткен хабарламашы еліміздегі ванадий қорының – 66, мырыштың – 16, уранның – 14, қорғасынның – 11, алтынның – 05, күмістің 0,8 пайызы осы Сыр жерінің қойнауынан болжанып отырғанын айтты. Мониторинг қорытындысы көрсеткендей, өткен жылы жалпы инвестицияның 8 пайызы облыстың геологиялық барлау жұмыстарына жұмсалыпты. Ендігі мақсат, жеке инвесторларды тарта отырып, барлау жұмыстарына бөлінетін қаражат көлемін арттыру керек.
Өңірде пайдалы қазбаларды өндіруге 120, ал барлауға 21 құжат берілген. Нақты кезеңде «Өңірлік геологиялық түсіру, іздестіру-бағалау және іздестіру барлау жұмыстары» бюджеттік бағдарламасы бойынша Шиелі ауданында картаға түсіру жұмыстары жүргізілуде.
Жиын барысында «Байқоңыр» ҰК» ӘКК АҚ төрайымы Жанат Самат, «Құмкөл Көлік қызметі» ЖШС бас директоры Бақтияр Әбдіраманов, «ҚОР» ЖШС Мұнай компаниясының бас директоры Марат Нұрпейісов сөз алып, қазба байлықтарымызды игеріп, өңіріміздің өндірісін өркендетуге қатысты атқарылып жатқан жұмыстарды тарқатты.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.