БАЛА БОЙЫНДАҒЫ РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚ

БАЛА БОЙЫНДАҒЫ РУХАНИ ҚҰНДЫЛЫҚ Тасбөгет кентінде орналасқан "Күнекей” балабақшасында "Таным құзыреттілігінің біріздендіру немесе эксперименталды іс-әрекет жасаудың маңыздылығы” атты қалалық оқу-әдістемелік семинары болып өтті.
Қалалық білім бөлімі мен "Күнекей” балабақшасының ұйымдастыруымен өткен семинарға Тасбөгет кенті әкімі Ж.Әлиев пен қалалық білім бөлімі басшысы М.Аралбаев және тәрбиеші ұстаздар мен болашақ педагог студенттер қатысты. Білім саласы мен бала тәрбиесін назарда ұстайтын кент әкімі тұңғыш рет семинар сабақтың қатысушысы болды. Айтулы шарада кент әкімі Ж.Әлиев және қалалық білім бөлімі басшысы М.Аралбаев семинар жұмысына қатысушыларға сәттілік тіледі. Сондай-ақ, балабақша ұжымының Елбасы Жолдауындағы "Мәңгілік Ел” бастамасына орай жасаған этноауыл бөлмесінің ашылу салтанаты болды.
Бала тәрбиесі әр уақытта үлкен мәселе болып саналады. Тәрбие берудің тиімділігі мен сапасын арттырудың негізгі бағыты – барлық тәрбиелік істе әрбір баланы жеке тұлға деп танып, жан-жақты қалыптастыру.
Қоршаған ортаның дағдыларын түсінуге бейімді, санасында қарапайым математикалық ұғым қалыптасқан мектепке дейінгі бала тұлғасын дайындау мақсатында семинарда "Математика ағылшын тілінде”, "Өсімдіктер құпиясы” және "Математика. М.Монтессори материалдарымен” атты оқу әдістемелері ұйымдастырылды. 
Балалар бойына қарапайым математикалық ұғымдарды ағылшын тілінде меңгеруге ықпал еткен тәрбиеші ұстаздар Г.Әділбекова, Г.Болатбекқызы, А.Құлманова және Г.Құлшарова ізденіс пен эксперименталды іс-әрекеттерге деген бала қызығушылығын арттыра білді. Бүлдіршіндер де ұстаз сабағымен біте қайнасып кетті.
Балабақшадағы тәрбие – барлық тәрбиенің бастамасы. Мектепке дейінгі шақ – бала бойына рухани-адамгершіліктің негізін қалайтын кез. Сондықтан да бала бойына жас кезінен бастап рухани құндылықтар, мейірімділік, инабаттылық, сұлулық, жақсылық, еркіндік сияқты  қасиеттерді қалыптастыру – тәрбиеші ұстаздар мен ата-аналардың міндеті. 
Осылайша балабақшадағы әдістемелік жұмыс бұл педагогтардың  кәсіби деңгейін  жетілдіруінің негізгі жолы әрі оқу-тәрбие үрдісінің сапасы мен тиімділігін арттырды. Әдістемелік қызметтің табысты жұмыс істеуі көбіне басшыға байланысты болып келеді. "Күнекей” балабақшасының меңгерушісі Салтанат Қасенова келушілерге алғысын білдіріп, "ұлттық құндылықтарымызды бала бойына дарыту үшін жұмыла жұмыс істейік”, - деп тілегін білдірді.
Шара соңында ұстаздар мен тәрбиешілер ұсыныс, пікірлерін білдіріп, семинарды қорытындылады.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

АҚПАРАТ 08 сәуір 2014 г. 1 445 0