Кеше облыстық мәслихаттың кезекті 25 сессиясы өтіп, онда аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуында зор мәнге ие мәселелер талқыланды.
Оған облыс әкімінің міндетін атқарушы Н.Әлібаев, "Қазақстан тұрғын үй шаруашылығын модернизациялау” АҚ басқармасының төрағасы А.Шкарупа, Өңірлік даму министрлігі комитет төрағасының орынбасары М.Мараим қатысты. Облыстың елді мекендерін электр қуатымен қамтамасыз етудің жай-күйі мен оны жақсарту шаралары туралы баяндама жасаған энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Е.Әбдіхалықов есептегі 9 мың шақырымнан астам электр әуе желілері мен қосалқы станциялардың шамамен 66 пайызы тозғанын атап өтті. Бұл энергиямен қамтамасыз ету саласының жағдайы күрделі екенін білдіреді. Соңғы жылдары энергетика нысандарын жаңартуға және қайта жаңғыртуға бюджеттен қомақты қаржы бөлініп, қыруар жұмыс атқарылды. Алдағы уақытта Арал және Қазалы аудандарының басты қосалқы станцияларын қайта жаңғырту жобасы қаржыландырылмақ. "КРЭК” АҚ-ның активтерін коммуналдық меншікке алу жағдайды тұрақтандыруға мүмкіндік берді. Әйткенмен, Қызылорда қаласы мен аудан орталықтары аумағының жылдан жылға кеңеюі электр қуатымен қамтамасыз етудегі шешімін күткен мәселелерді туғызуда. Электр нысандарының егесіздігі де бұл саладағы күрделі түйін. Нысандарды коммуналдық меншікке өткізу толығымен жүзеге аспаған. Қайта жаңғыртуға жасалған кейбір жобалық құжаттардың мерзімі өтіп, іске алғысыз болып қалған. Тарифке қатысты да мәселелер бар.
Электр энергиясын сырттан тасымалдау оның көлемі мен бағасына қатысты бірқатар мәселелерді туындатады. Электр қуатының тапшылығы облыс экономикасына қолайсыздық туғызып отыр. Аймақты өзімізде өндірілетін электр қуатымен және жылумен қамтамасыз ету үшін бірқатар шаралар атқарылуда. Электр қуатын жеткізуші ұйымдардың санын қысқарту халық пен электр таратушы компанияның арасында делдалдарды азайтты. Алдағы уақытта бір ғана электр қуатын жеткізуші ұйымды қалдыру көзделуде.
Хабарламашы облыс тұрғындарын көгілдір отынмен қамтамасыз ету мәселесіне де тоқталды. Аймақты газдандыруға байланысты жұмыстар басталды. Қызылорда қаласын газбен үздіксіз қамтамасыз етуге жол ашылды. Ауыз сумен қамтамасыз ету тұрғысында үлкен жобалар жүзеге асты. Өткен жылы 16 елді мекенге таза ауыз су жеткізілді. Суды тасып ішетін, ашық көлдерден алып отырған ауылдар таза ауыз суға қол жеткізді. «Талап-Сырдария» және «Жиделі» топтық су торабын қайта жөндеу құрылысының жобасына қатысты тиісті жұмыстар атқарылды. Қала тұрғындары тұтынып отырған су сапасы жақсарып келеді.
Сессияда аталған саланы кешенді түрде дамыту үшін жоспар қабылдап, оны жүзеге асыру, тұрғындардың өздігінен тартқан желілерін инфрақұрылымды дамыту және құрылыс нормаларына сәйкестендіру кезек күттірмейтін шаралар ретінде аталды. Иесіз және әлеуметтік мекемелер теңгеріміндегі энергетика нысандарының құжаттарын әзірлеп, оны "КРЭК” АҚ-ның теңгеріміне өткізу осы реттегі жұмыстарға серпін береді.
Мәслихат сессиясында жан-жақты талқыланған осы тақырып бойынша облыстық мәслихаттың уақытша комиссиясының төрағасы Т.Әлімқұлов әр аудандағы энергетика нысандарының ахуалын терең сараптады. Облыс бойынша электр қуатын тарату желілерінің техникалық жағдайы сын көтермейді. Депутаттар Қ.Әжібеков, А.Тоғызбаев, И.Тілеп энергетика саласындағы басқа да күрделі мәселелерді, тариф тұрғысындағы түйткілдерді қозғап, өз ұсыныстарын жеткізді.
Мәслихат сессиясына қатысқан Өңірлік даму министрлігі комитет төрағасының орынбасары М.Мараим облыстағы энергетикалық нысандардың жағдайымен танысқанын айтып, атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға берді. Энергетикаға қатысты талқыланған тақырыпты Н.Әлібаев қорытындылап, алдағы жұмыстардың бағдарымен таныстырды.
Одан әрі күн тәртібіндегі басқа да мәселелерге кезек берілді. Осы сессияда облысты басқару схемасы, облыс әкімдігінің дербес құрамы туралы шешімдер қабылданды. Бірқатар облыстық комиссиялар құрамына өзгерістер енгізілді. Сондай-ақ, облыстық мәслихат депутаттарын сайлау жөніндегі округтік сайлау комиссияларының құрамы сайланды.
Гүлжазира ЖАЛҒАСОВА.