өткен мерзімде 4 мыңнан астам құжат кері қайтарылған
«Халыққа қызмет көрсету орталығы» РМК облыс бойынша филиалында ҚР Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің облыс бойынша басқармасы – облыстық тәртіптік кеңес төрағасы Ғалым Тұрсынбаевтың төрағалығымен өткен қоғамдық кеңестің кезекті мәжілісінде жеке және заңды тұлғаларға ұсынылатын мемлекеттік қызмет көрсету сапасы әңгіме өзегіне айналды.
Шараның мақсаты – жеке және заңды тұлғаларға мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, бұл бағытта туындаған өзекті мәселелерді шешу, ХҚКО-ға келген әрбір тұтынушының сұранысын қанағаттандыру және сапалы қызмет көрсету.
Күн тәртібінде көтеріліп отырған тақырып аясында туындайтын мәселелер турасында филиал директоры Аида Әбибуллаева егжей-тегжейлі баяндап берді. Оның айтуынша, бүгінгі таңда мұнда азаматтарға көрсетілетін 148 қызметтің 90 түрі бойынша қызмет ұсынылуда. Орталық барлығы 161 уәкілетті органмен тікелей байланыста жұмыс жасайтын көрінеді.
– Орталықтың өткен 8 айда көрсетілген қызметінің сапасына «Облыстық тұтынушылар құқығын қорғау» қоғамдық бірлестігімен бірлесе отырып жүргізілген мониторинг және бақылау барысында қызмет сапасының әлі де өз деңгейінде еместігі анықталды, – деп атап көрсетті Аида Ибрагимқызы.
Осы аралықта филиал тарапынан 947 мың 487 өтініш рәсімделсе, оның ішінде 4296 құжаттан бас тартылған және кері қайтарылған. Өтініштердің басым бөлігі облыстық ішкі істер департаментінің көші-қон полиция басқармасы мен әділет және жергілікті атқарушы органдарға берілген болса, орындалмай, кері қайтарылған құжаттардың дені соңғы екеуіне қатысты болып отыр. Әсіресе, Қызылорда қалалық сәулет және қала құрылысы бөлімі мен жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі құжаттарды кері қайтаруда алда келеді. Айталық, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі өтініш иесі айлық табысын жасырды деген желеуді алға тартады. Жасыратыны жоқ, әлеуметтік жағдайы төмен отбасылар біраз шығынға түсіп құжат рәсімдейді және оның орындалуын 15 күн күтеді. Нәтижесінде мемлекеттік қызмет көрсетуден бас тартылады. Сонда олардың кінәсі не? Бұл ретте орталық инспекторларына азаматтардың айлық табыстарын қарап отыру үшін қолжетімділік берген орынды сияқты.
Сондай-ақ жылжымайтын мүлік нысандарының мекен-жайы жөнінде анықтама беру қызметінде де проблемалар жетерлік. Мысалы, «Мекен-жай тіркелімі», «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» ақпараттық жүйелеріндегі мәліметті сәйкестендіру барысында белгіленген жер учаскесі базада дұрыс тіркелмеу себебінен «Жер кадастры ғылыми-өндірістік орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК филиалының ақпараттық жүйесіне жер учаскелеріңіздің мәліметтерін енгізулеріңіз қажет деген желеумен 302 құжаттан бас тартылыпты. Бұл не деген сөз? Жер учаскесіне жеке меншік құқығын беретін алдыңғы актінің базаға енгізілмей қалуына байланысты олардан қайтадан акті алу талап етілген. Сонда базаға енгізілмеуіне кім кінәлі? Неліктен азаматтар қайтадан 19 мың теңге төлеп, жерін рәсімдеуі қажет. Осы жағдай қашан шешімін табары белгісіз.
Жер учаскелерінің базаға енгізілмеуіне байланысты қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне азаматтардың өздері жолығуларын сұраған 140 құжат кері қайтарылыпты. Бұл жерде ол азаматтардың уәкілетті органға не үшін керек екені ашып айтылмаған.
Автоматтандырылған ақпаратты тіркеу жүйесіне көше атауы мен реттік нөмірі енгізілмеген деген желеумен 203 құжаттан бас тартылыпты. Сонда оны кім және қашан енгізуі тиіс? Уәкілетті орган өтініш берушінің бұл мәселені қалай шешу керектігін нақты көрсетпей, босқа әуреге салып қойған. Егер 6 ай ішінде тіркелмесе, ол азаматтар әкімшілік айыппұл төлеуге мәжбүр екен. Осындайда кім кінәлі деген сұрақ туындайды? Өтініш беруші ме, әлде уәкілетті орган ба? Азаматтардың құқығы қалай қорғалмақ?
Бүгінгі күні 496 азамат жоғарыда айтылған «Жер кадастры ғылыми өндірістік орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы РМК филиалына және қалалық сәулет және қала құрылысы бөліміне қала мен ауыл әкімдіктерінен қажетті құжаттарын толықтырамын деп әуре-сарсаңға салынып, мекеменің табалдырығын тоздырып жүр екен.
Мұндай оралымсыздық медицина мекемелерін де айналып кете алмай отыр. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы мен Қызылорда қалалық мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармасы арасында өзара іскерлік байланыстың болмауынан қаншама азамат шаруасын бітіре алмай жүрген көрінеді.
Өткен 8 айдың көрсеткіштеріне көз жүгіртер болсақ, әділет органдары қызметтері бас тартулар мен орындаусыз кері қайтару жағынан өзге мемлекеттік органдардан озып, ең алдыңғы орынға жайғасыпты. Осы уәкілетті органның бір саласы – азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімі 199 құжатты орындау барысында өрескел заң бұзушылықтарға жол берген.
Мәжіліс барысында мемлекеттік қызмет көрсететін мекемелердің лауазым иелері өздерінің салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарын әңгімелеп, жұртшылықтың сауалдарына жауап берді.
Мәжілісте тұтынушылар құқығын қорғау Қызылорда қоғамдық бірлестігінің төрағасы С.Теңізбаев, облыстық әділет басқармасы басшысының орынбасары Т.Лесеров, тағы басқалар ой-пікірлерін білдірді.
Мәжіліс жұмысын қорытындылаған Ғалым Тұрсынбаев мемлекеттік қызмет көрсету сапасы күн тәртібінен түспейтіндігін жеткізіп, бұл бағытта туындаған кемшіліктер сын тезіне алынатындығын нақтылады.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.