ҚАМҚОРЛЫҚ ҚҰШАҒЫНДА

Ардагерлердің үш күнге созылған республикалық семинар-кеңесі өз жұмысын сәтті аяқтады. Еліміздің түкпір-түкпірінен келген делегаттар осыншама уақыт Сыр өңірі ардагерлерінің жұмысымен танысып, өз іс-тәжірибелерімен бөлісті. Біз де өзге облыс ардагерлерінің бастауыш ұйымдарының жұмыстарымен танысып, өзімізге қажетті ақпараттармен сусындадық. Тәжірибе алмасқан, ой бөліскен жақсы, кейде тың идеялар туындап, жаңа істер өмірге келіп жатады. Республикалық семинар-кеңес те біз үшін тың серпіліс болды. 
Өткенге ой жібере қарасақ, аудандық ардагерлер кеңесінің өмірлік іс-тәжірибесі арқылы кешегі мен бүгінгіні жалғайтын алтын көпір ретінде үлкен рөлі бар екенін бағамдағандай боласың. Бүгінгі күні ауданда ардагерлер кеңесінің 77 бастауыш ұйымы өз жұмысын қазіргі заман талабына сай ұйымдастырып келеді. Әрбір бастауыш ұйымдағы ардагерлер тізімі, картотекасы түгел компьютерге түсіріліп, онда отбасы, хал-жағдайы, денсаулығы, мұң-мұқтажы бәрі дерлік көрсетілген. Ондағы мақсат – ауданда иесіз зейнеткерді болдырмау, оларды тұрақты мекемелерге бөліп беріп, тиісті қамқорлық жасау, мереке күндері ұжым мүшелерімен бірге құрметтеп, сый-сияпат көрсету. Сонымен қатар мұқтаж жандар үшін қайырымдылық шараларын ұйымдастыру, олардың коммуналдық өтемақыларын төлеу, тұрмысы төмен, жағдайы нашар ардагерлерге, соғыс ардагерінің жесірлері мен мүгедектеріне қысқы көмір, тамызық отын түсіріп беру, үйлерін жөндету, күтімге адам бөлу, аудан көлемінде көлікте тегін жүргізуге куәлік беру, ардагерлерді тегін емдету секілді жоспарларымыз біртіндеп жүзеге асып келеді.
Жыл сайын 60-70 ардагер «Шағала» тынығу лагеріне, Алматы, Манкент, Мерке, Жаңақорған шипажайларына тегін жолдама алып, тынығып қайтуда. Бір жылдың өзінде ғана 19 соғыс және еңбек ардагері облыс орталығына квотамен барып, емделді. Аудандағы екі ауруханада да ардагерлер бөлмесі бар, онда қариялар тегін емделеді. 147 соғыс және еңбек ардагері Астанаға, 45-і Түркістан қаласына саяхатқа барып, тарихи орындарды аралап қайтты. Сонымен қатар 201 ардагер, 50 мүгедек пен 22 зағип жанға республикалық, облыстық және аудандық газеттер тегін жаздырылып берілген. Қарттар күніне орай 43 мүмкіндігі шектеулі ардагерге 2 тонна көмір, 1 қап күріш, 10 келі қант, 1 келі шай тегін берілді. Мұндай сый-сияпат көрсетуді аудандағы әрбір мекеме қалыпты дәстүрге айналдырған. Олар өздерінен зейнетке шыққан әр ардагерді есепке алып, оларға кәсіби, Қарттар күні мерекелері қарсаңында дастарқан жаяды, үлкендердің батасын алуды үрдіске айналдырды. «Менің елім – менің тірегім» атты қайырымдылық қоры ауданда да құрылып, арнайы есеп-шоты ашылған болатын. Оған осы кезге дейін 2 млн. теңге көлемінде қаржы жинақталып, ол комиссия шешімімен мұқтаж жандардың игілігіне жұмсалды. Мәселен, ҰОС және оған теңестірілген 8 адамның үйі жөнделіп, жағдайы нашар 33 отбасының жарыққа, 73 отбасының ауыз суына қарызы өтелді. Ешкімі жоқ қарт кісіге депутаттармен бірлесіп, 3 бөлмелі үй салынды, 2 ардагерге телефон құрғызылды. Сондай-ақ қарттар үйіне теледидар, бірқатар отбасыларына азық-түлік, енді бірқатарына көмір, дәрі-дәрмек алынып берілді. 
Еңбегі сіңген азаматтарды аудандық энциклопедияға, ауданның батагөй ақсақалдарын «Ақ бата», озық ойлы ардагерлерін «Қазақ жерінің зиялы азаматтары» кітаптарына енгізу қолға алынды. 
Ардагерлер алдағы уақытта да тыныш, бейғам отыра алмайды. Елдің ауызбірлігіне, қоғамның саулығына, ырыс алды – ынтымаққа, береке басы бірлікке қызмет ете беретін болады. 
Оразғали БЕКБАНОВ,
Қазалы ауданы ардагерлер кеңесінің төрағасы.


АҚПАРАТ 01 қазан 2013 г. 1 352 0