Кеше облыс орталығындағы «Мәңгілік алау» жанында әскери қызметшілердің ант қабылдау рәсімі өтті. Еліміздің Әнұраны орындалғаннан кейін, ақылы негізде әскери-техникалық мектептен әскери мамандық алып шыққан 30 жас әскери ант қабылдады.
Облыс бойынша қорғаныс департаменті басшысының орынбасары Мұрат Айдаровтың айтуынша, ҚР Қорғаныс министрлігінің «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 12-бабына сәйкес ендігі жерде 22-27 жас аралығындағы әскерге бармаған азаматтар 211 мың теңге қаражат төлеп, аталған мектепте бір ай оқиды да әскери міндетті дәрежесін алып шығады екен. Бұдан соң оларға әскери билет беріледі де, жұмылдыру резервіне қабылданатын көрінеді.
Бұл шара бірінші рет қолға алынып отыр. Ант қабылдау рәсімінде «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалының өкілі Сұлтанбек Ибрагимов, Ауған соғысы ардагерлері облыстық кеңесінің төрағасы Қайратдин Баймаханов, ата-аналар атынан кәсіпкер Аралбай Қозбақов сөз алып, берері мол осынау игі шараға ризашылық білдірді.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.