Құрметті облыс тұрғындары!
Салық органдары арқылы көрсетілетін мемлекеттік қызмет көрсетулердің сапасын мейлінше жақсарту, кәсіпкерлерге бизнесті жүргізуге қолайлы және тиімді жағдайлар жасау, салықтық әкімшілендіруді жетілдіру, ақшасыз есеп айырысуды дамытуға қолдау көрсету, халықтың құқықтық мәдениеті деңгейін жоғарылату, сыбайлас жемқорлықпен күрес жүргізу және елдегі көлеңкелі экономиканың деңгейін барынша болдырмау мақсатында, үстіміздегі жылдың 1 сәуірі мен 1 шілдесі аралығында облыс аумағында «Көлеңкелі экономикаға Халық пен салық қызметі қарсы» атты акция өткізілетіндігін хабарлаймыз. Акция барысында осы бағытта автожолдар бойында билбордтар орналастыру, халық арасында кітапшалар мен буклеттер тарату, студент жастармен кездесу және облыс жұртшылығы арасында үгіт-насихат жұмыстарын жүргізу жоспарланған.
Көлеңкелі экономика дегеніміз не? Оның ашық жүргізілетін, бірақ салықтан табысты жасыратын, ресми статистикада ескерілмейтін, қосып жазу, алаяқтық шарттар мен пара алушылыққа тән жалған экономика, заң тыйым салатын астыртын экономика деп аталатын бейресми түрлері бар. Ал «көлеңкелі экономикаға» қарсы күрес – икемді салық жүйесін жасау, шағын бизнеске, шаруа қожалықтарына мемлекет тарапынан қолдау көрсету, т.б. іс-шаралар арқылы ел экономикасының қарышты дамуына ықпал ету.
Осыған орай, акция барысында ұйымдар мен мекемелер өкілдерімен және облыс пен сала ардагерлеріннің қатысуымен бірлесіп, облыстық теледидар және бұқаралық ақпарат құралдары арқылы халық арасында салық мәдениетін көтеру, яғни, салық төлеушілерге дара кәсіпкер ретінде салық органдарына тіркеліп заңды түрде қызмет атқарудан бастап салық органына тапсырылатын есептіліктердің дұрыс берілуіне дейінгі іс-қимылдарға түсіндіру жұмыстары жүргізіледі.
Құрметті облыс тұрғындары, Ата Заңымыздың 35-бабында заңмен белгіленген салық пен алымды төлеу әркімнің борышы мен міндеті екенін есте ұстай отырып, барлық облыс тұрғындарын көлеңкелі экономикаға жол бермеуге және осы акцияға белсенді қатысуға шақырамыз.
Қызылорда облысы бойынша салық департаменті.