ҚҰҚЫҚ ҚАДАҒАЛАУДАҒЫ СЕРПІНДІ ЖОБАЛАР

Өткен жұма күні Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің Студенттер сарайында "Өңірдегі заңдылық пен құқықтық тәртіпті нығайтуға бағытталған серпінді жобалар” тақырыбында дөңгелек үстел өтті. Облыстық прокуратураның Сыр білімінің қара шаңырағымен бірлесіп өткізген бұл шараға облыстық прокуратура жанындағы заңдылықты қамтамасыз ету жөніндегі қоғамдық кеңес мүшелері, университеттің оқытушы-профессорлары мен студенттері, үкіметтік емес ұйымдар мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
«Дөңгелек үстел» мәжілісін сөз сөйлеп ашып, жүргізіп отырған облыс прокуроры Сапарбек Нұрпейісов прокуратура органдары қабылдаған серпінді жобалар өңірдегі құқықтық тәртіп пен заңдылықты нығайтуда оң ықпалын тигізіп отырғанын жеткізді. Қазіргі таңда аймақта алты жоба жүзеге асырылуда. Атап айтар болсақ, олар – "Жасыл экономикаға көшу – құқықтық бағытты дамыту”, "Қылмыстық және азаматтық процестердегі бітімгершілік”, "Атқарушылық өндірісті жетілдіру”, "Түрмеде жазасын өтеушілерді азайтудың он шарасы”, "Сотталғандарды ақылы жұмыспен қамту – түзелудің негізгі жолы”, "Полициядағы кезекші прокурор – азаматтар құқығының кепілі”.
Елбасының өткен жылғы 30 мамырдағы Жарлығымен қолға алынған "Жасыл экономика” тұжырымдамасы бірінші кезекте сарқылуға жақындаған пайдалы қазбаларды үнемді тұтынуға және сарқылмайтын ресурстарды тиімді пайдалануға бағытталған. Жасыратыны жоқ, бұл атауды әркім әрқалай түсінуде. Бірқатары оны елдің табиғатын жақсартатын экономиканың жаңа саласы деп түсінсе, енді біреулері табиғатқа көмектесуге және пайда келтіруге бағытталған экожүйенің өзіндік түрі деп санайды, ал үшіншілері мақсаты экологиялық таза өнімдерді құру болып табылатын дамудың жаңа кезеңіне ауысу деп есептейді. Облыс прокурорының аға көмекшісі Ғабит Тобажановтың баяндамасынан ұққанымыз, жоба аясында қоршаған ортаны қорғау заңнамаларын қолдануды қайта қарап, оның табиғи ресурстарын ұтымды пайдалану және оны әлеуметтік-экономикалық саланың бір бөлігі ретінде қарау белгіленген. Сондай-ақ, жобаны жүзеге асыруда прокуратура органдары жергілікті атқарушы және құзырлы мемлекеттік органдармен тығыз байланыс орнату арқылы қоршаған ортаны қорғау заңдарының біркелкі қолданылуын қамтамасыз етіп, заң бұзушылықтарды азайту және қоршаған ортаны қорғауға бағытталған шараларды қабылдауды көздейді.
Прокуратураның 4-ші басқарма бастығы Ғанибек Есентаев өзінің баяндамасында бітімгершілік жобасының маңызына тоқталды. Қазақ қоғамында бітімгершілік институты негізінде көшпелі замандарда-ақ қалыптасқан. Билер сотының түпкі мақсаты дауласушы жақтарды татуластырып, табыстыру болған. "Дау мұраты – біту” нақылы осыдан қалған. Бұл ұлы дәстүр бүгінде заңнамаға еніп, өмірімізге қайта келді. Расында да, мәселенің ақ-ақарасын қарауда сот пен медиация арасында айырмашылық көп. Сот дауды заң тұрғысынан қараса, жаңа заңда екі тарап мүддесі кездесіп, шешім шығарылады. Оның үстіне сотқа шағымданушы уақыттан ұтылса, екі жақты жанжалды сотқа жеткізбей нүкте қою адамдарды эмоциялық күйзелістен де сақтайды. Сондай-ақ, сот көпшілік алдында өтсе, медиация жария етіле бермейді. Сондықтан осы айтылғандар кезегімен орындалса, соттар мен прокурорлар мойнындағы жүктеме азайып, сапалы сот шешімдерінің көбеюі мен бюджет қаражатының үнемделуіне жол ашылар еді. 
Мемлекет басшысы 2017 жылға дейін Қазақстанды "түрмеде жаза өтеуші тұрғындары көп” 50 елдің қатарынан шығаруға тапсырма берген болатын, – деді баяндамасында облыс прокурорының аға көмекшісі Мейрамхан Ибрашев. 2013 жылдың 1 қаңтарындағы талдауға сүйенсек, еліміз 35-ші орынға орналасқан екен. Орта Азия республикаларының бірде-бірі бұл тізімге енбеген.
Соңғы он жылда түзеу мекемелеріндегі жазасын өтеушілерді ұстауға бөлінетін қаражат 4,5 есеге өсіп, былтыр 47,5 млрд. теңгені құраған. Ал жылына бір сотталғанды ұстау үшін мемлекеттен 613 мың теңге бөлу қажет көрінеді. Сонда жаза басқандардың әрқайсысына ай сайын 50 мың теңгенің үстінде қаражат жұмсалады екен. Бұл – еліміздегі зейнеткерлердің басым бөлігінің нәпақасынан екі еседей көп деген сөз. Бір өкініштісі, жаза өтеу орындарынан босатылғандарға оңалту жұмыстары тиісті дәрежеде жүргізілмегендіктен, олардың көпшілігі жайлы орындарына қайта оралатын көрінеді.
Облыс прокурорының көмекшісі Дарын Әбіштің баяндамасы "Сотталғандарды ақылы жұмыспен қамту – түзелудің негізгі жолы” жобасы турасында болды. Жобаның мақсаты – түзеу мекемелеріндегі сотталғандарды ақылы жұмыспен толық қамтамасыз ету үшін құзырлы мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, жаңадан өндіріс орындарын ашуға кешенді шаралар қабылдау.
Қолданылған шаралардың нәтижесінде соңғы екі жылда жазасын өтеп жүрген сотталғандардың қайталап қылмыс жасау деректері болмаған және орын алған құқық бұзушылықтар 28 пайызға азайған. Облыс орталығында орналасқан ЗК-169/5 қатаң режимдегі түзеу мекемесінде 2012-2013 жылдары құрылыс-жөндеу жұмыстары жүргізіліп, мұнда былтырғы желтоқсан айынан сотталғандар қабылдана бастаған. Оның сыйымдылығы мың адамға шақталған. Осындағы сотталғандарды жұмыспен қамту өзекті мәселеге айналып отыр. Өйткені, жұмыс орны тек мекеменің ішкі аумағында болуы тиіс екен.
Аймақта жүзеге асырылып отырған серпінді жобаның алтыншысы – "Полициядағы кезекші прокурор – азаматтар құқығының кепілі”, – дейді өз баяндамасында 2-ші басқарма бастығы Ерлан Қожанов. – Бұл қадағалау жүйесінің негізі Сапарбек Нұрпейісовтің ұсынысымен қаланып, алғашында Астана және Алматы қалаларында іске қосылса, өміршеңдігі уақытпен дәлелденген аталмыш жүйе кейіннен еліміздің өзге өңірлерінде де жүзеге асырылған. Бас прокурордың 2012 жылғы 30 қаңтардағы бұйрығымен бекітілген ережеде кезекші прокурордың міндеттері нақты айқындалып, қандай қадағалау қызметін атқару керектігі көрсетілген.
2012 жылғы 25 желтоқсандағы ҚР Бас прокуроры мен Ішкі істер министрлігінің бірлескен бұйрығына сәйкес облыс орталықтары мен ірі қалалардағы ішкі істер органдарында келушілерді электрондық есепке алу тәртібі бекітілген. Мұнда жеткізілген немесе шақырумен келушілер ғимарат кіреберісіндегі электронды жүйеге тіркеліп, қашан келгені белгіленеді. Егер келуші тұлғаның уақыты 3 сағаттан асса, есепке алу жүйесі белгі береді. Бұл белгі жергілікті прокуратура, құқықтық статистика және арнайы есепке алу басқармасы және кезекші прокурор бөлмесінен бір мезгілде көрінеді. Осындай тексерулер нәтижесінде өткен жылы 11 адам босатылып, құқықтары қорғалған.
Осынау алқалы жиында облыстық прокуратураның құрылым басшылары мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің оқытушы-профессорлары өзара пікір алысып, көкейдегі сан сауалдарды ортаға салды.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.

АҚПАРАТ 29 наурыз 2014 г. 815 0