БАР ӘЛЕМДІ ЖАЙНАТЫП...

БАР ӘЛЕМДІ ЖАЙНАТЫП... Наурыз – шығыс елдерінің  бүкілхалықтық мейрамы, Ұлыстың ұлы күні. Жер әлемді жайнатып, әнші құстарды сайратып жеткен Наурыз мерекесін №13 балалар кітапханасының ұжымы өз оқырмандары саналатын  №176 мектептің 2 және 4 сынып оқушыларымен "Наурыз – біздің жаңа жыл” атты ертеңгілікпен атап өтті. 
Түрлі ұлттық киім киіп, бір бірімен "Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын!” деп төс қағыстырған балалар той-думанды бастап кетті. "Наурыз” әні мен жыры жырланып, "Жарапазан” айтылды, қазақы салт-дәстүрге байланысты өлең шумақтары оқылды. Оқушылар арасында өзара айтыс ұйымдастырылып, көңілді жұмбақтар шешілді, қызықты ойындар ойналды. Кітапханашы Айгүл Әбдікәрімова өзі ұйымдастырған "Наурыз – жыл басы” атты кітап көрмесінде кішкентай оқырмандарын ұлттық салт-дәстүрге байланысты шығармалармен таныстырды. 
Бар әлемді жайнатып жеткен Ұлыстың ұлы күнгі мерекеге жиналған балалар қасиетті  ас, ұлттық тағам – наурызкөжеден дәм татып, бір-біріне, елге тоқшылық тіледі. Күмбірлеген күй тартылып, қыздар "Маусымжан”, ұлдар "Қара жорға” биін биледі. Мереке соңында ортаға шыққан Қыдыр ата баршаға Наурыздың бақыт пен шаттық, денсаулық пен береке сыйлап, елде ақ мол болуына тілек білдірді.

Майра КЕМБІЛОВА,
аға кітапханашы.
Тасбөгет кенті.
АҚПАРАТ 22 наурыз 2014 г. 1 053 0