
Облыс бойынша қаржы полициясы департаменті қызметкерлері Наурыз мерекесі қарсаңында Қызылорда қаласындағы Сәбилер үйінің тәрбиеленушілеріне қайырымдылық көрсетті.
Биылғы еліміздің қаржы полициясы органдарының 20 жылдығына орай аталмыш құрылым "20 ізгі іс” акциясын ұйымдастыруды қолға алған болатын. Бұл шара осынау игілікті істің бір парасы саналады. Сәбилер үйінің әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсаруына үлес қосқан департамент ұжымы түрлі-түсті теледидар мен шаңсорғыш және қысқа-толқынды пешті тарту етті. Бұдан басқа әрбір бүлдіршінге арнайы сыйлық үлестірілді. Қамкөңіл сәбилерге көрсетілген ықылас олардың жабырқау көңілдеріне жылылық ұялатып, жүздеріне қуаныш нұрын сепкендей болды.
Қаржы полицейлерінің қамқорлығы Талсуат ауылдық округіне орналасқан мүгедектерге арналған оңалту орталығында жалғасты. Олар мұнда мүгедектер арбасы мен балдақтарды сыйға тартты.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың биылғы Жолдауында мүмкіндігі шектеулі жандарға көбірек көңіл бөлу керектігі айтылғаны белгілі. Сондықтан тағдырдың тауқыметін тартқан оларға үнемі қамқорлық көрсетіп отыру – біздің басты парызымыз, – деді департамент бастығы, қаржы полициясының полковнигі Мақсат Қожабаев.
Орталықта емделушілер атынан ризашылығын айтыскер ақын Замаддин Ибадуллаев жыр жолдарымен жеткізді.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.