
Қызылорда қаласының білім бөлімі мен қалалық кәсіподақ комитетінің ұйымдастыруымен білім қызметкерлерінің арасында «Жолдау жолымен білім биігіне» тақырыбында үгіт-насихат бригадалар байқауының ақтық сыны өтті. Аймақтық іріктеу кезеңі ағымдағы жылдың 14-16 наурыз аралығында өткен болатын.
Ақтық сынға 51 мектептің ішінен 8 мектеп өтіп, өз өнерлерін ортаға салды. Жолдауда көрсетілген 10 басым бағытқа назар аударып, рухани жаңғырудың бағыттарын жан-жақты талқылап, мазмұны мен формасы жағынан мағыналы, қызықты әрі тартымды етіп насихаттады.
Ақтық сында аймақтық «Рухани жаңғыру» орталығының тәрбие және білім бөлімінің басшысы Әлима Әбдіхалықова, Қорқыт Ата Университетінің философия және мәдениеттану кафедрасының аға оқытушысы Әлібек Жаппасбаев, Облыстық «Таным», «Абайтану» қоғамдық бірлестігінің төрайымы, педагогика ғылымының кандидаты және Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік Университетінің педагогика-психология кафедрасының меңгерушісі Абат Жолдасова және профессор, педагогика ғылымының кандидаты Рабиға Шембаева командалар өнеріне қазылық етті.
Байқау соңында қатысушы үгіт-насихат бригадалар қалалық білім бөлімі мен қалалық кәсіподақ комитетінің «Дипломдары» мен сыйлықтарына ие болды.
Байқау қорытындысымен қалалық білім бөлімінің қосымша білім беру оқу әдістемелік орталығының «Жаңа ғасыр» командасы «Ең үздік үгіт бригада» атанса, "Үздік насихаттаушы» номинациясымен №235 орта мектептің «Ұлы дала жастары», «Үздік PR топ» номинациясымен №278 орта мектептің «Жастар» командасы, «Ең үздік әуенді ұжым» номинациясымен №189 орта мектептің «Жаңашыл ұстаз», «Үздік сценарий» номинациясымен №101 мектеп-лицейдің «Жібек жолы» командасы, «Шығармашыл топ» номинациясымен №3 мектеп-лицейдің «Он міндет белесіндегі жастар» командасы марапатталды.
Сондай-ақ, №222 орта мектептің «Атамекен» командасы, №197 орта мектептің «Жаңғыру», №145 орта мектептің «Руханият», №7 мектеп-лицейдің «Аманат», №9 мектеп-гимназияның «Жас Алаш», №23 мектеп-лицейдің «Рух елі», №1 мектеп-гимназияның «Рухты жастар», №6 орта мектептің «Алтын ғасыр қырандары», №11 мектеп-лицейдің «Ақиқат қырандары», №15 мектеп-лицейдің «15 Life» командалары да марапатталды.
«Ең үздік үгіт бригада» жеңімпазы атанған «Жаңа ғасыр» командасына демалыс бөлмелеріне жиһаз табыс етілді.
Барлыбек БАТЫР.