Жуырда экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес департаментінде сыбайлас жемқорлыққа және «көлеңкелі» экономикаға қарсы күрес мәселесі бойынша Қоғамдық кеңес отырысы өтті.
Кеңеске қаржы полициясы департаменті бастығының орынбасары І.Рахманов, «Нұр Отан» партиясы облыстық филиал төрағасының бірінші орынбасары Ө.Болатбеков және кеңес мүшелері мен кәсіпкерлер қатысты.
Департамент бастығының орынбасары І.Рахманов Елбасының «Қазақстандық жол – 2050: Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты Жолдауына сәйкес қазіргі уақытта қаржы полициясы органдары түрлі құқықтық тетіктерді, ақпараттық мүмкіндіктерді пайдалану және жұртшылықты тарту арқылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрестің жаңа стратегиясын қалыптастырып, іске асырылып жатқанын атап өтті. Сондай-ақ, Президенттің «Кәсіпкерлік қызметтің дамуына қажетті жағдайларды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» Жарлығына сәйкес, шағын және орта бизнес субъектілеріне тексеру жүргізуге мораторий жарияланғанын айтты.
Мәжілісте Қоғамдық кеңеске облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Д.Әбсаттаров мүше болып қабылданды.
Кеңесте ЭСЖҚД ақпараттық-талдау бөлімі бастығы А.Әбдіқалықов кәсіпкерлер палатасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес жүргізуші Transparency Іnternatіonal халықаралық азаматтық-қоғамдық ұйымының ұсынымдары негізінде шағын және орта кәсіпорындарға парақорлыққа қарсы іскерлік принциптерін енгізудің тәжірибесі туралы ұсыныс білдіріп, сөз сөйледі. Департаменттің басқарма басшылары Н.Сәрсенбаев пен С.Нарегей бизнес өкілдерінің қызметіне заңсыз араласу фактілерінің алдын алу және жолын кесу бойынша жедел-қызметтік жұмыс нәтижелері жайлы баяндады. Сонымен қатар, кәсіпкерлердің қызметі барысында туындайтын өзекті мәселелер қаралды.
Одан басқа, отырысқа қатысушылар қаржы полициясы органдары мен бизнестің тиімді өзара іс-қимыл жүргізу әдістерін ортаға салды. Және осы саладағы сыбайлас жемқорлықтың көріністерін болдырмауға бағытталған бірқатар тиімді әдіс-тәсілдерді ұсынды.
Кеңес соныңда І.Рахманов отырыс жұмысын аяқтай келе, әр аптаның сәрсенбі күні шағын және орта бизнес өкілдерінің қызметтеріне негізсіз араласу мәселелері бойынша департамент басшысы М.Қожабаевтың қабылдау өткізетінін еске салды.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.