ҚАЗАЛЫДА САУДА-ЛОГИСТИКАЛЫҚ ОРТАЛЫҚ АШЫЛАДЫ
Қазалы ауданы бойынша кәсіпкерлік пен өнеркәсіпті дамыту жөніндегі жобалар мен оны іске асыру бойынша шешімін табуы тиіс мәселелер аудан әкімі жанындағы кәсіпкерлер кеңесінде тұрақты қаралып, кәсіпкерлердің өтініш, сұрақтары бойынша бірлесіп шешім қабылданып келеді.
Аудан әкімі Б.Жақановтың төрағалығымен өткізілген кеңестің кезекті отырысында аудан бойынша кәсіпкерлік қызметі аясын кеңейту, халыққа қызмет көрсету орындарын ұлғайтып, жаңа жұмыс орындарын ашу үшін жоспарланған «Сауда – логистикалық орталық ұйымдастыру» жобасының іске асырылу барысы талқыланды.
Жобаның мақсаты ауданда халыққа қызмет көрсету сапасын одан әрі дамытып, жергілікті тауар өндірушілердің өндірген өнімін делдалсыз өткізу арқылы, бағаны тұрақтандыру болып табылады. «Жоба аясында 20-ға жуық халыққа қызмет көрсету нысандарында жалпы 100-ге жуық адам жаңа жұмыспен қамту жоспарланып отыр» деп хабарлайды аудан әкімдігі баспасөз қызметі.
АРАЛДА 2 МЫҢ 193 БАТЫР АНА ТҰРАДЫ
Теңіз төскейіндегі Арал ауданында дүниеге көп бала алып келген Батыр аналар саны басым.
Қазақ халқының санын көбейтуге өлшеусіз үлесін қосқан алтын құрсақты аналардың ұлы көшін аралдық Батыр аналар да жалғады. Бір ғана Сексеуіл кентінде – 239, Жақсықылыш кентінде 166 Батыр аналар ерекше ерліктің үлгісін көрсетіп келеді. Жалпы ауданда 2 мың 193 Батыр ана болса, оның 1 мың 156 «Алтын алқа» иегерлері мен 1037 «Күміс алқа» иегерлері саналады.
БАҒДАРЛАМА АРҚЫЛЫ БАЛАБАҚША АШТЫ
Шиелі ауданындағы Бала би ауылының тұрғыны Зейнеп Сабаева «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының шарапатын көруде.
Аудан әкімдігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, осы бағдарламаның нәтижесімен бүгінде ол жеке кәсіпкер атанып, «Жадыра» балабақшасын ашты. Ауылда жұмыссыз жүрген 12 азаматты жұмыспен қамтып отырған балабақшада бүгінде 50 бала тәрбие алуда. Балабақша меңгерушісі Жұпаркүл Полатова: «50 орындық балабақшада бүгінде бүлдіршіндер толық және жас ерекшеліктеріне қарай 3 топта тәрбиеленуде. Өзімнен бөлек 3 тәрбиеші, 1 аяжан, 7 кіші қызметкер жұмыс жасап, бала-шағамызды асырап отырмыз» – дейді.
Дайындаған Ә.Тұрсынбекұлы.