
Өткен жылы шілдеде Шиелі аудандық ішкі істер бөлімінің қызметкерлерімен, «Көкнәр-2017» жедел-профилактикалық іс-шараларын өткізу барысында ауласында сора өсірген азамат ұсталды. Бұл туралы Қызылорда ОІІД ЕБҚКБ баспасөз қызметі хабарлады.
Сотталушы Юрий Андронов өзінің тұрғылықты мекен-жайында, яғни ауласында егуге, өсіруге тыйым салынған құрамында есірткі заттары бар сора өсімдігін ірі мөлшерде заңсыз өсіргені анықталды. Ю.Андронов ұсталып, оқиға орнына тексеру жүргізу барысында, оқиға орнынан барлығы 1179 түп ерекше өзіндік хош иісті, есірткі заттарына ұқсас, өсіп тұрған жасыл түсті өсімдіктер табылып, тамырларымен бірге жұлынып, айғақ зат ретінде алынған және осы тектес өсімдіктердің бұрын жұлынып, кептіру үшін бір жерге жиналып қойған өзіндік хош иісі бар, есірткі заттарына ұқсас, жасыл түсті кептірілген өсімдіктерің жалпы салмағы 2696 г алынды.
Аталған дерек Шиелі аудандық ішкі істер бөлімімен сотқа дейінгі тергеп-тексеру бірыңғай тізіліміне тіркелген. Жасалынған қылмыстың қоғамдық қауіптілігі мен сипатын, есірткінің адам ағзасына, ұлт генофондына тигізетін зиян, зардаптарын және сотталушының әрекетінің ауыр қылмыстар санатына жататынын ескерді. Осылайша, сотталушы Ю.Андроновты қоғамнан оқшауланып, бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қолданып, өткен жылдың 25 қазанында Шиелі аудандық сотының үкімімен Юрий Андронов ҚР ҚК-нің 296-бабының 4-бөлігі мен ҚР ҚК-нің 300-бабының 2-бөлігі 1,3 тармағымен кінәлі деп танып, 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.
Ш.АЛТЫНБЕКҚЫЗЫ,
«Сыр бойы».