АҚШ: Тұрғындар жаппай ереуілге шықты
Америкадағы ірі қалалар тұрғындары Сириямен соғысуға қарсы ереуілдетіп жатыр.
Вашингтон, Нью-Йорк, Индианаполис, Бостон, Чикаго және Лос-Анджелес халқы «Сириядан қолыңды тарт!», «Соғыс емес, жұмыс керек!» деген ұран жазылған парақшаларды ұстап, көшеге шықты. Тіпті, олар Обамаға «Обомба» деген лақап ат қойған. Ел аумағында жүргізілген соңғы сауалнама бойынша, соғыс ашуға АҚШ халқының 51%-ы қарсы. Ал 36%-ы әскери басқыншылықты қолдаса, 13%-ы әлі нақты шешімге келмеген.
ОБАМА: Сирияға әскери соққыдан құтылар жол бар
АҚШ президенті Барак Обама химиялық қаруды халықаралық бақылауға беру және жою туралы Ресейдің Дамаскіге ұсынысы Сирия мәселесін шешуде маңызды бетбұрыс болатынын мәлімдеді.
Бірақ ол ондай шараға Сирия үкіметінің келісе қоятынына күмән келтіріп отыр.
Америкалық «NewsHour» телебағдарламасына сұхбатында Обама Мәскеу ұсынған идеяны іске асыру мүмкіндігін Ресей президенті Владимир Путинмен болған әңгіме кезінде талқылағанын айтады.
АҚШ-тың бірнеше телеарнасында көрсетілген сұхбаттан соң жазғы демалыстан оралған АҚШ конгресі Башар Асад басқаратын Сирияның үкімет әскеріне қарсы «шектеулі» әскери соққы беру туралы президент Обама ұсынған қарарды талқылауға кірісті.
Сирияның химиялық қаруды әлем қауымдастығының бақылауына беру мүмкіндігі туралы ұсыныстар айтыла бастаған соң АҚШ сенаты Сирия мәселесіне қатысты дауыс беруді кейінге қалдырды.
ЛОНДОН: 60 бұзақы қамауға алынды
Лондонда исламға қарсы бағытталған шерудің соңы тәртіпсіздікке ұласа жаздады.
Қаланың шығысында «Ағылшын қорғаныс лигасы» атты радикалды ұйымның 500 жақтасы Ұлыбританияның исламдануына қарсы наразылық шарасына жиналды. Оларға жақын маңда нәсілшілдікті айыптайтын ұйым мүшелері де қосылды. Қақтығыс қаупі төнген соң, қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету үшін 3 мыңға жуық полицей тартылған. Бірақ нәсілшілдікті айыптайтын ұйымның 150 мүшесі полицейлер шебін бұзып өтіпті. Осыдан кейін ширақ қимылға көшкен тәртіп сақшылары суық қару ұстаған, дүрбелең тудырған 160 бұзақыны қамауға алған.
ҮНДІСТАН: Дінаралық қақтығыс жалғасуда
Үндістанның Уттар-Прадеш штатындағы Музаффарнагар округінде конфессияаралық қақтығыс болып, салдарынан 28 адам мерт болды.
Бұлғақта 50 адам жарақат алған. Осыған байланысты билік өңірге 800-ге жуық әскери сарбаз жұмылдырды. 100-ден астам адам тәртіпсіздікке қатысты азғырушылық әрекет жасады деген күдікпен қамауға алынды. Ақпарат көздері мұсылмандар мен индуистер арасында болған шиеленістің құрбандар саны өсуі мүмкін деп отыр.
ФИЛИППИН: Қақтығыстан 3 адам қаза тапты
Филиппиннің оңтүстігіндегі Замбоанга қаласына жергілікті «Моро» Ислам азаттық майданы» қозғалысының жауынгерлері басып кіріп, бейбіт тұрғындар арасынан 20 адамды тұтқынға алған.
Билік әскері мен көтерілісшілер арасында болған қақтығыстан 3 адам қаза тауып, тағы алтауы жарақат алды. Қазір оқиға орнынан жақын жердегі тұрғындар қауіпсіз жерге көшіріліп, мектептер және тағы басқа мекемелер уақытша жабылды. Айта кетейік, 40 жылға созылып келе жатқан шиеленістен 100 мыңнан аса адам көз жұмған. Бітпейтін соғыс елді титықтатып, экономика да құлдырап кеткен. Былтыр Филиппин Үкіметі мен көтерілісшілер арасында бейбіт келісім жасалғанымен осындай қақтығыстар әлі де жалғасып келеді.
МЕКСИКА: Ұстаздарға жемқорлыққа қарсы тексерістен өту міндеттелді
Мексика астанасында мұғалімдер шеру ұйымдастырып, оны тарату кезінде 15 адам зардап шекті.
Білім беру жүйесіндегі жаңа реформаға қарсы шыққан шерушілер Мехико әуежайына баратын жолды жауып тастады. Осыдан кейін наразылық шарасы қақтығыстарға ұласып кетті. Ереуілші ұстаздар тәртіп сақшыларына тас пен бөтелке жаудырған. Айта кетейік, 10 қыркүйекте Мексика Президенті Энрике Пенья Ньето білім беру реформасына қатысты жаңа заңға қол қойған болатын. Аталған заңға сәйкес білім беру саласының қызметкерлері міндетті түрде кәсіби жарамдылығын анықтайтын сынақтар тапсырып, жүйелі түрде жемқорлыққа қарсы тексерулерден өтіп тұруы тиіс.