Ғылым мен білімді кіріктіру, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, еліміздің болашақ ғылыми әлеуетін қалыптастыру жолында Қызылордада өткен республикалық ғылыми-әдістемелік конференция «Химияны оқытудың инновациялық технологиялары» тақырыбына арналды.
«Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ облыс бойынша филиалы мен Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің «Химия және экология» кафедрасы бірлесіп өткізген шараның мақсаты – аталмыш пән оқытушылары мен мұғалімдерінің жұмыстарын қолдап, көмек көрсету, өзара тәжірибе алмасу, сондай-ақ олардың кәсіби деңгейін көтеру.
Конференцияға жергілікті ғалымдармен қатар Алматы, Атырау, Маңғыстау облыстарының жоғары оқу орындары оқытушылары мен жалпы орта білім беретін мектептердің химия пәні мұғалімдері қатысты. Конференцияда ҚР Білім беру жүйесінің Еуропа және дүниежүзілік білім кеңістігіне енуі, химия ғылымының интеграциясы, химиялық білім берудің инновациялық тетіктері мен технологияларын сыннан өткізу, жоғары оқу орындарында инновациялық оқу үдерісін және ғылыми зерттеулер ұйымдастыру, пән мұғалімдерінің кәсіби шеберлігін арттыруға байланысты көкейтесті мәселелер ортаға салынды. Екі секция бойынша жүргізілген шара қорытындысында бір топ өз ісінің білгірлеріне құрмет көрсетілді.
Бақтыбай БЕРДІБАЕВ.