ИНДУСТРИАЛДЫ АЙМАҚ БАРЛЫҚ АУДАНДАРДА АШЫЛАДЫ
Кеше облыс әкімшілігінің мәжіліс залында Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының жүзеге асырылу барысын талқылаған жиын болып өтті. Селекторлық режимде өткен мәжіліске облыс әкімі Қырымбек Көшербаев төрағалық жасады.
Нақты кезеңдегі облыс экономикасының 90 пайыздан астамы мұнай, уран және басқа да шикізат көздерінен түскен табыстардан құралып отыр. Сондықтан жұмысты серпінді жобаларды жүзеге асырудан бастауымыз керек. Бұл жұмыстарды үйлестіріп отыру үшін жаңадан бірнеше басқарма құрылғанын, «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ төрайымының бір орынбасары осы мәселемен тікелей айналысатынын атап өткен аймақ басшысы экономиканы әртараптандыру бағытындағы жұмыс маңызды әрі кезек күттірмейтін іс екенін атап өтті.
Алдымен облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Мұрат Имандосов хабарлама жасады. Индустрияландыру картасы аясында қолға алынған жобалардың жүзеге асырылу барысын баян еткен хабарламашының айтуынша, бірінші жартыжылдықта өзектендіру нәтижесімен облыстың индустрияландыру картасына жалпы құны 140,3 млрд. теңгені құрайтын 23 жоба енгізіліпті. Аталған жобалардың ішінен 2010-2012 жылдары жалпы құны 78,4 млрд. теңгені құрайтын 18 жоба іске қосылып, нәтижесінде 944 жаңа жұмыс орындары ашылған. Осы үш жылда жүзеге асырылған жобалардың есебінен ағымдағы жылдың 8 айында 6,8 млрд. теңгенің өнімі өндірілгенін ерекше атап өтуге болады. Себебі, бұл жалпы өңдеу өнеркәсібіндегі өндірілген өнім көлемінің 18 пайыз үлесін алады. Биылғы жылдың 8 айында 2010-2012 жылдары іске қосылған 18 жобаның 10-ы 100 пайыз қуаттылыққа жетсе, 6 жоба жоспарлы қуаттылықты 30-80 пайыз аралығында меңгерген. Қалған 2 жобаға есепті кезеңде өнім өндіру жоспарланбаған. Ал, аталған картадағы қалған 5 жоба 2013-2018 жылдар аралығында іске асырылады деп күтілуде.
Бұған қоса, республикалық және өңірлік картаға ұсыну үшін жобаларлы қарау жөніндегі комиссияда Қызылорда қаласы мен аудан әкімдіктері ұсынған 40 жоба қаралып, оның 34-і мақұлданса, 6 жоба кері қайтарылыпты. Мақұлданған жобалар ішінен басқарма тарапынан іріктеу жасалып, картаға енгізу үшін Индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне жалпы құны 20,5 млрд. теңгені құрайтын 7 жоба жолданған. Енді осы жобалар министрлік тарапынан қолдауға ие болып жатса, онда аймақтық картада жалпы құны 160 млрд. теңгені құрайтын 29 жоба болады. Айта кетейік, биыл Индустрияландыру картасынан тыс жалпы құны 3,1 млрд. теңгені құрайтын 18 жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. М.Имандосов Индустрияландыру картасында өңдеу саласына бағытталған жобаларға басымдық берілетінін, сондай-ақ азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін алғашқы кезекте аудандарда ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеуге бағытталған жобаларды жүзеге асыру мүмкіндігі қарастырылып жатқанын жеткізді.
Жалпы, Үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламасы – Елбасының өзі жүргізіп отырған саясаты. Қырымбек Көшербаев өңір экономикасын өрге сүйрейтін мемлекеттік бағдарламаның орындалуына ерекше мән беру қажеттігін атап өтті.
Мұнан соң екінші мәселе бойынша Қазалы ауданының әкімі Бақыт Жаханов хабарлама жасап, шағын және орта кәсіпкерлікті дамыту бағытында қолға алынған жұмыстарды мәлім етті. Бүгінде Әйтеке би кентінің солтүстік батыс бөлігінен индустриялық алаң құру үшін жер телімі бөлінген. Оның жалпы аумағы 110 га құрайды. Осы алаң 3 учаскеге бөлініп отыр. Оның бір бөлігін инфрақұрылымын жасақтау үшін жобалық-сметалық құжат жасауға аудандық бюджеттен қаржы бөлініп, ол мемлекеттік сараптамадан өткен. Аталған алаңға автожол, электр желісін жүргізу және телефон, су жүйелерін жеткізу жұмыстарына 94 млн. теңге қаржы керек. Алдағы уақытта қалған учаскелер де инфрақұрылыммен қамтамасыз етіледі. Аудан кәсіпкерлері өндірістік алаңға қазірден қызығушылық танытып отыр. Қазірдің өзінде кеңесте 7 жоба мақұлданыпты. Енді осы кәсіп иелері осы индустриялық алаңда өз кәсіптерін өркендететін болады.
Облыс әкімі Қ.Көшербаев индустриялық аймақ құру облыс кәсіпкерлері үшін өте тиімді болатынын, бұл шағын және орта кәсіпкерлікті дамытуға үлкен мүмкіндік екендігін жеткізіп, қала және аудан әкімдерін индустриялық алаңды мерзімінде жасақтауға міндеттеді.
Бұл жұмысты бақылап отыруды өз орынбасары Ғалым Әміреевке жүктеген аймақ басшысы осы жобаларды жүзеге асыруға қатысты барлық басқармалар мен «Байқоңыр» ӘКК» ҰК» АҚ компаниясы басшысы жаңа жылға дейін облыс әкіміне есеп беретінін ескертті.
Дәуіржан ЕЛУБАЕВ.