
8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесіне орай Жаңақорған аудандық мұрағат мекемесі өздерінде жинақталған құжаттар мен деректі материалдар негізінде «Ана – өмір өзегі» атты қызықты шара өткізді.
Мұрағат қызметкерлері бұл шараның басты кейіпкері ретінде белгілі қайраткер Әзия Қыстаубаеваны шақырыпты. Кезінде трактор руліне отырып, Сыр салысынан мол өнім алуға қол жеткізген қайсар қыз Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атанды, «Еңбек Қызыл Ту» орденімен марапатталды. 1980-жылы Қаз ССР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына да сайланды. Бертінде бригадир, партком хатшысы, ауылдық кеңес төрағасы атанған Әзия соңғы 22 жыл бойы ауыл әкімі қызметін атқарып келеді. Ауыл тұрғындарының ауызбірлігін сақтап, елді Елбасы бағдарламаларын орындауға жұмылдырып келе жатқан ол сонымен қатар көп бала өсірген ардақты ана. Жан жары Кенбай екеуі үш ұл, екі қыз өсіріп, бұл күндері жеті-сегіз немере сүйіп отыр. Қажырлы еңбегі арқылы ел құрметіне бөленген Әзия Елбасының қабылдауында да болды. Қалай айтқанда да айтар ойы мен жамағатқа көрсетер өнегесі мол жан екендігі анық.
Кездесу барысында аудандық мұрағаттың директоры Зағипа Әбжалалова хабарлама жасаса, №169 мектеп окушыларының сауалдарына жауап берген Әзия Қыстаубаева қызықты әңгіме өрбітті. Сондай-ақ, еңбек ардагері, аудандық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары Жақсыгүл Бегманова естелік айтып, өзінің Әзияға арнаған «Сұлу қыз» әнін орындап берді. Аудандық іші саясат бөлімінің басшысы А.Төлегенов, «Нұр Отан» партиясының аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары М.Балқожаев, тағы басқалар өз пікірлерін білдірісті.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған ауданы.