ЗАҢДЫ БҰЗҒАН ЖАЗАСЫЗ ҚАЛМАЙДЫ

Кеше облыс әкімі Қырымбек Көшербаевтың төрағалығымен сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес мәселелері жөніндегі облыстық комиссияның кезекті отырысы болып өтті. Мәжілісте қала әкімі Нұрлыбек Нәлібаев пен облыстық білім басқармасының басшысы Наурызбай Байқадамов баяндама жасады. 
Бүгінде Қызылорда қаласы әкімдігінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және оны болдырмау мақсатында бірқатар жұмыстар атқарылуда. Мәселен, қала әкімдігіне байланысты қызметшілердің құқықтық сауаттылығы мен біліктілігін арттыру үшін дербес бөлімдер мен кент және ауылдық округ әкімдеріне норма шығармашылық қызметін жақсарту мақсатында жаңартылып отыратын заң дерекқорларымен толық қамтылған.  Сондай-ақ, өткен жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы 14 семинар, 25 «дөңгелек үстел», 31 кездесу мен 42 отырыс ұйымдастырылған. Бұлардың ішінде 12 шара «Нұр Отан» партиясы өкілдерінің қатысуымен өткен. Бұған 1200-ден аса адам өздерінің өтініш-тілектерімен қатысқан. Десек те, жұмыс аясында заң бұзушылыққа жол берген бірқатар фактілер де анықталуда. Мысалы, өткен жылдың қаңтар айында  қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі мемлекеттік мекемесі арқылы қала көшелерінің жолайрық белгілерін сызу, бағдаршамдарды жөндеу және күтіп ұстау, жол белгілерін әзірлеу мен оны орнату жұмыстарына байланысты конкурс өткізіліп, қалалық прокуратура тексеріс жүргізеді.
Нәтижесінде әлеуетті өнім берушіге әдейі кедергі келтіргені үшін сол кездегі аталған бөлім басшысының орынбасары, сектор меңгерушісі мен маманға сыбайлас жемқорлық жағдай туғызатын құқық бұзушылықтар жасағаны үшін қалалық прокуратураның ұсынысы бойынша  тәртіптік шара көрілген. Шаһар басшысының айтуынша, мұндай заң бұзушылық біршама білім беру ұйымдарында да орын алып, қателік жіберген қызметкерлер тиісті жазаларға тартылған. 
Баяндаманы тыңдаған аймақ басшысы заң бұзушылыққа қарсы шаралар қолданылғанымен, ақпараттық құралдармен жұмыс жасау бойынша мардымды жұмыс жасалмай жатқанын сөз етті. Сондай-ақ, пайдаланылмай тұрған жерлерді заңға сәйкес қайта қайтаруды, жер алуға тіркелген кезектілікте жариялылық болу керектігін баса айтты.  Осы ретте облыс әкімі өз орынбасары Рзақұл Нұртаевқа қаланың жер мәселесіне байланысты жұмыстарына бақылау жасауды, сонымен бірге, жер бөлімінің жұмысын қайта тексеруді тапсырды. 
Мұнан соң сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бойынша облыстық білім басқармасының басшысы Наурызбай Байқадамов  хабарлама жасады. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, қазіргі күні жемқорлықты болдырмау мақсатында жергілікті жерлер мен аудандарда жеке қабылдаулар өткізілуде. Сонымен қатар, бухгалтериялық есеп жүргізуді бірыңғайлау үшін орталықтандырылған бухгалтерия жұмыс жасап, бүгінде ол өз тиімділігін көрсетуде. Дегенмен, білім беру ұйымдарының тарапынан құқық бұзушылықтар әлі де көрініс табуда. Айталық, 2012-2013 оқу жылында 20 тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Оның ішінде 5-і мектеп директоры болса,  9-ы есепші, 4-і балабақша меңгерушісі, 2-і мұғалім. Мұның 10-ы экономикалық, 8-і сыбайлас жемқорлық, 2-і жалпы қылмыстылық сипатында болып отыр. Бұлардың барлығы тиісті жазаларын алған. 
Бұл ретте аймақ басшысы білім беру ұйымдары жұмысының осал екендігін жеткізді. Осы жағдайға байланысты білім саласының жұмысын бақылауды, әрі сала жұмысын дұрыс ұйымдастыруға ықпал етуді орынбасары Ақмарал Әлназароваға жүктеді. Оған қоса, мектеп басшыларына қатал талап қою керектігін ескертсе, жұмысқа қабылдау шараларын ашық жүргізу, мектептер мен балабақшаларда әртүрлі сылтаумен ақша жинауды тоқтатуды, сенім телефондары туралы ақпаратты ашық түрде жариялауды аталған басқарма басшысына тапсырды. 
Айта кету керек, өткен жылдың қорытындысы бойынша жергілікті атқарушы органдардан сотталған 16 адамның 14-і білім беру саласының қызметкері болса, құқық бұзушылықтардың әрбір үшіншісі қала әкімдігіне тиесілі болуда. Жалпы келелі істің түйінін тарқатқан басқосуда бірқатар ұсыныстар айтылып, барлық мемлекеттік органның басшыларына нақты тапсырмалар берілді.
Мейрамгүл ДАУЫЛБАЙҚЫЗЫ.

АҚПАРАТ 12 наурыз 2014 г. 963 0