
Жылда осы мезгілде сең қозғалысы мен нөпір судың қосарлана келуінен бір дүрбелең туғызып өтетін Сырдария өзені әзірге қалыпты ағып жатыр. Соңғы төрт күн ішінде Төменарық елді мекені тұсында дария деңгейі 70 сантиметрге дейін көтерілсе, сеңнің өз қалпымен қозғалуы әсерінен ол біртіндеп төмен түсті. Жоғарыдан жөңкіген сең бүгінгі уақытта Жаңақорған ауданы аумағын артқа тастап, Шиелі ауданы тұсына жетті. Осы жағдайда ертеңдері Қарғалы көпірі тұсынан өтіп үлгеруі керек деген болжам бар.
Қалыпты жағдайдың сақталуына әуелі табиғаттың жайбарақат мінез танытуы қолайлылық туғызса, екіншіден аймақ басшысының Төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі мен басқа да құзырлы орындар алдына мәселе қойып, Шардарадан дария арнасы сыйымдылығына сай су жіберілуіне қол жеткізуінің әсері еді. Сең жылжуы кезінде ағын судың көлемі секундына 500 текше метрден аспаса, жергілікті жердің күшімен қауіптің алдын алуға, басқа да сақтандыру шараларын жасауға болады. Ал енді мол су келіп, оған нөсер жауын қосылса, ұрынарға қара таппай келе жатқан қалың мұз сойқанды салады дей беріңіз, бірін-бірі кимелеп, дарияның иінді тұстарында ұстасса, ағын суға тосқауыл болғаны. Бұл жағдайда су тасқыны өте қауіпті. Жоғарыда айтқанымыздай, әзірге жағдай тұрақты, облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі мекеме мен жергілікті атқарушы орындар арқылы құрылған мобильдік топтар жағдайды жіті бақылауда. Алда-жалда мұз ұстаса қалса, оны жарып жіберудің де мүмкіншілігі қарастырылған. Қажетті техникалар шоғырландырылып үлгергендігі мен мобильдік топтардың жинақы қимылдауы да тұрғындар қаупін сейілтіп тұр.
Нұрмахан ЕЛТАЙ.
Жаңақорған,
Шиелі аудандары.