«АРАЛТҰЗ» ЖҰМЫСШЫЛАРЫНЫҢ ЖАЛАҚЫСЫ 10 ПАЙЫЗҒА ӨСЕДІ

Облыс әкімінің баспасөз қызметі хабарлағанындай, жеті жүз елуден астам жергілікті тұрғынды тұрақты жұмыспен қамтып отырған «Аралтұз» зауытының тірлігі берекелі. Мұнда өткен жылы 138 мың тоннаға жуық тұз өндіріліп, жақын шетелдерге экспортталды. Инвестиция көлемі екі миллиардқа жетті. Тағы бір қуанышты жаңалық, биыл сәуір айынан бастап цех қызметкерлерінің еңбекақысы 10 пайызға үстемеленетін болады.
Өндірістегілердің отыз пайызы нәзікжандылар. Солардың бірі – Мейрамкүл Аймағамбетова. Ол мұнда отыз екі жылдан бері тұз қалталайды. Өз ісінің нағыз шебері. Үйде қарап отырғаннан, екі қолға бір күрек алып еңбек еткен әлдеқайда артық. Жағдайымыз жыл өткен сайын жақсарып келеді, – дейді ол.
– Мемлекет басшысы барлық мекемеге жалақыны үстемелеуді тапсырды. Біздің оған шама-шарқымыз жетеді. Өндіріп отырған өнімімізге сұраныс бар. Техникаларымызды жаңаладық. Жұмысшылардың жағдайын бірінші кезекке қоямыз. Өйткені маман болмаса, ісіміз ілгері баспайтыны анық, – дейді «Аралтұз» АҚ вице-президенті Мұқан Мырзағұлов.
Испан технологиясымен жабдықталған жаңа зауыттың қуаттылығы орасан. Жыл басынан бері 22 мың тоннадан астам тұз өндірілсе, оның 13 мың тоннасы ас тұзы. Қалғаны техникалық және басқа бағытта.
Тоқсан жылға жуық тарихы бар «Аралтұз» акционерлік қоғамының өнімі Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан секілді шет мемлекеттерге экспортталады. Алдағы уақытта Сауд Арабиясы, Жапония, Қытай елдерімен байланыс орнату жоспарда бар. Бұл жобалар тиімді жүзеге асып жатса, өңірдің экономикасы мен әлеуметтік дамуына айтарлықтай үлес қосылатыны аян.

АҚПАРАТ 12 наурыз 2014 г. 874 0