ҚАЗАҚ ҚАСИЕТТІ ҰҒЫМДАРДЫ АНАҒА БАЙЛАНЫСТЫРАДЫ

Осы аптаның бейсенбісінде облыс әкімі Қырымбек Көшербаев 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне орай аймақта кезінде түрлі салада қызмет еткен ардагер аналар, қазір жемісті еңбек жасап жүрген әйелдер, көпбалалы аналарды қабылдады. Қабылдау барысында облыс басшысы оларды мерекемен құттықтап, жүрекжарды лебізін білдірді.
Қазақ халқында Ананың орны бөлек. Қасиетті ұғымның барлығын Анаға байланысты айтамыз. Түсінігімізде Жер-Ана, Отан-Ана деген тіркестер жиі кездеседі. Сондай-ақ, төл тілімізді де ана сөзіне байланыстырып, Ана тіліміз дейміз. Ендеше, қашаннан да үлкен сыйлап, олардың алдында ізет көрсетіп үйренген біздің халқымыз үшін осы бір аяулы жандар әрдайым зор құрметке ие болады. Ерте кезден белгілі Тұмар ханым, Домалақ ана, Баян сұлу, Қыз Жібек секілді көптеген ардақты есімдер қазақтың жадында мәңгілікке сақталып қалған. 
– Облыс дамуына әйелдердің қосқан үлесі үлкен, – деді облыс басшысы сөзін одан әрі жалғап. – Кезінде Шырынкүл Қазанбаева, Сәлима Жұмабекова сынды ақ жаулықты аналар уақытпен санаспай еңбек етіп, дала қосында алтын дәнді молынан қамбаға құйды. Оған қоса, басшылық қызметтерде көптеген әйелдер жемісті жұмыс жасады. Бүгінгі күні де сондай зор міндеттерді абыроймен атқарып жүрген нәзік жандылар баршылық. Баршаңызды мерейлі мерекемен құттықтаймын! Барлық ізгі тілектерді сіздерге тілейміз.
Елбасы жарлығымен елімізде өткен жылдан бастап Отбасы күні мерекесі белгіленді. Әрбір шаңырақтың ұйтқысы – әйелдер ер азаматтарға сүйеу бола жүріп, бала тәрбиесіне көңіл бөледі. Қазақстанда ана мен бала денсаулығын қорғау бағытында нақты іс-шаралар қолға алынған.
Осындай игі істер біздің облыста да көрініс беруде. Таяу уақытта Қызылорда қаласынан ана мен бала орталығы елдің игілігіне айналады. Бұрынғы жылдарда өңірде ана мен бала өлімі көп болды. Жасалған жұмыстардың нәтижесінде бұл көрсеткіш 33 пайызға төмен түсті. Біздің өңірдің халқы жыл сайын 12 пайызға өсіп отыр. Елімізде мұндай жоғары көрсеткішке жетіп отырған үш аймақ бар. Сондай-ақ, біздің облыста 2015 жылы мектепке дейінгі бүлдіршіндерді балабақшамен қамту 100 пайыз шешілмек. 
Кездесуде аймақ басшысы әрбір салада жемісті еңбек еткен бірқатар әйелдерге облыс әкімінің «Құрмет грамотасы» мен «Алғыс хатын» табыстап, оларға марапат көрсетті. Сонымен қатар, көпбалалы аналар – Шолпан Сариева мен Жеңіскүл Пірмағанбетоваға «Алтын алқа» табыс етілді. Жақында ғана жарық дүние есігін ашқан қос бірдей үшемнің әкелері – жаңақорғандық Сәбит Мелденов пен қазалылық Жаңабай Қалиевке салтанатты түрде көліктің кілті берілді. 
Шара барысында Социалистік Еңбек ерлері Шырынкүл Қазанбаева, Сәлима Жұмабекова және өзге де әйелдер зор құрмет көрсетіп, жылы лебізін білдірген облыс басшысына ризашылығын білдірді. 
***
Дәл осы күні облыс әкімі Қырымбек Көшербаев кезінде мемлекеттік қызметте болған және бүгінгі күні осы салада еңбек атқарып жүрген нәзік жандылармен жүздесті. Оларды мерейлі мерекемен құттықтап, игі тілегін білдірді. Шара соңында жергілікті өнерпаз Қуаныш Құттымұратовтың орындауында ана тақырыбында әндер орындалды.
Әділжан ҮМБЕТ.

АҚПАРАТ 08 наурыз 2014 г. 1 109 0