ДАЛА ЖҰМЫСТАРЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?

Облыс әкімдігінде аймақ басшысы Қырымбек Көшербаевтың қатысуымен көктемгі дала жұмыстары дайындығына арналған отырыс өтті. Оған қала, аудан әкімдері, ауылшаруашылық саласы мамандары мен басқарма басшылары қатысты.
Көктемгі дала жұмыстарына дайындықты баяндаған облыстық ауылшаруашылық басқармсының басшысы Т.Дүйсебаев, облыс бойынша 160,4 мың га жерге егіс орналастыру межеленгенін жеткізді. Осыған орай, дақылдарға субсидия төлеу бағдарламасы бойынша қосымша 91 млн. теңге қажеттігі туындап отыр. 
Сондай-ақ, ауылшаруашылық саласына 14 мың тн. дизель отыны, 2,8 мың тн. бензин және 840 тн. қою май қажет болса, қазіргі таңда шаруашылық қорларында бар болғаны 20 пайыз ғана жанар-жағармай бар. 
Осыған байланысты, мұнай өңдеу зауыттарынан облысқа дизель отынын жеткізуші 12 оператор анықталып, жанар-жағармай жеткізу жөнінде жұмыстар жасалуда. Және бір өзекті мәселе, шеттен әкелінетін минералдық тыңайтқыштар мен гербицид бағасы 20-25% қымбаттаған. 
Аймақ басшысы жанар-жағармайға қатысты кепілді құн бағасы Мұнай және газ министрлігі арқылы жақын арада белгілі болатынын, тиісті ұсыным хаттар дайындалатынын, ал тыңайтқыштарға қажет қаражатты республика немесе облыс бюджетінен қосымша қарастырылатынын жеткізді. 
Аймақта егілетін дақылдарды тұрақты суаруға орташа есеппен 4-4,1 млрд. текше метр су қажет. Осыған байланысты, Су ресурстары комитеті «Қазсушар» мекемесі басшысы Шардара су қоймасымен және Көксарай су реттегішінің жұмыс кестесіне сәйкес, жоспарланған егіс көлемін суармалы сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретінін айтты. 
Сондай-ақ үстіміздегі жылы шаруашылық құрылымдары машина-трактор паркін жаңалау үшін «ҚазАгроҚаржы» АҚ құны 800 млн. теңге құрайтын 42 дана ауыл шаруашылығы техникаларына тапсырыс берген.
Нұрбек ДӘУРЕНБЕКОВ.

АҚПАРАТ 08 наурыз 2014 г. 892 0