АҚ ЖЕЛЕҢДІ АРУЛАРҒА ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛДІ

Қызылорда медициналық колледжінде облыстық денсаулық сақтау басқармасы, медицина ардагерлер кеңесі және денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағы облыстық ұйымының ұйымдастыруымен медицина саласының ардагер аналары мен  көшбасшы қыз-келіншектеріне арналған шара өтті. 
Шарада облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының міндетін атқарушы Жанат Қожарипова әріптестерін көктемнің алғашқы мерекесі – 8 наурыз - Халықаралық әйелдер күнімен құттықтап, жылы лебізін білдірді. Онан соң нәзікжанды дәрігерлерді сегіз номинация бойынша марапаттап, арнайы дипломдар мен сыйлықтар табыстады. 
 Өз кезегінде  сөз алған медицина ардагерлер кеңесінің төрайымы Раиса Көзденова саланың ақ жаулықты аналарын, еңбек ардагерлерін құттықтап, ыстық ықыласын білдірсе, 96 жастағы  ардагер, медицина саласында 52 жыл еңбек еткен ардақты ана Шырынкүл Ахметова  ақ батасын берді. 
Шара Сыр өңірінің белгілі әншісі, ҚР еңбек сіңірген әртісі Күлән Қалымбетова, ҚР Мәдениет қайраткері Үміт Медеуова бастаған өнерпаздардың әуелете салған ән-жырларымен әдіптеліп, мың бұралған бишілердің әсем билерімен көркемделді. 
Барлыбек БАТЫР. 

АҚПАРАТ 08 наурыз 2014 г. 1 062 0