Қоғамдық келісімнің ұтымды үлгісі

Мемлекет басшысының «Ұлт жоспары» страте­гия­лық бағдар­ламасында  елі­міздің дербес даму жо­лы айқындалып, әлем­нің өркениетті озық 30 мемлекетінің қатарына енуге бағытталған маңызды 100 нақты қадам атап көрсетілген. Жалпы 5 институционалдық реформа жүйесінде әзірленген жоспардың екінші басымдығы – «Заңның үстемдігін қамтамасыз ету» деп аталады.

Кеше облыс әкімі Қ.Көшербаевтың, ҚР Жоғарғы сотының кеңесшісі С.Сүлейменнің қатысуымен мәжіліс өткізіліп, онда жоғарыда аталған 2-басымдық бойынша Соттан тыс дауларды   шешу институттарын жетілдіру мәселесі талқыланды. Мәжілісте Жоғарғы сот кеңесшісі Сағатбек Сүлеймен баяндама жасап, сот жүйесіне енгізіліп отырған жаңалықтың жай-жапсарын түсіндіріп берді.

– Жоғарғы сот төрағасы Ж.Асановтың, маңызды бастаманы ұсынуға келіп отырмын. Бұл пилоттық жобаны сынақтан өткізу үшін Қызылорда облысы таңдалып алынды. Себебі, Сыр елінде үлгі болатын бастамалар көп әрі нәтижесін беріп отыр.

Жалпы қазақ халқы – ежелден сөзге тоқтап, сөз қадірін білген халық. Адалдығын жоғалтпаған дана халық. Осындай сақталған қасиеттеріміз бола тұра, ұлттық сананың улануы ма, әлде, жаһандану толқынының әсері ме, әйтеуір, дау-жанжалға үйірсек болып барамыз. Әсіресе, неке бұзу, алимент өндіру, жер, мүлік даулары белең алып тұр. Ащы да болса шындық, ажырасу бүгінде ең оңай шешілетін процедураға айналған. Оның ар жағында отбасы жауапкершілігі мен болашақ ұрпақтың тәрбиесі күрделі күйінде қалып отыр. Бұл біздің ұлттық бірегейлігімізге, болмысымызға сын. Сондықтан бұл әлеуметтік құбылыспен қоғам болып күресуіміз қажет, – деді Жоғарғы сот кеңесшісі. Бұл ретте ол ақсақалдары елге ес болып, ағайынның береке-бірлігін сақтап отырған Н.Ілиясов және Көмекбаев ауылдарын айрықша атап өтті.

Сонымен, аймақта алғаш рет қолға алынып отырған «Сотсыз татуласу орталығы» дауласушыларды бітімге шақырып, келісімге келтіру, оңтайлы шешім қабылдап, оларды татуластыру бағытында жұмыс жасайтын болады. Өз кезегінде орталық тек дау-дамайды шешумен шектелмей, жалпы қоғамдағы татулық пен бірлікті насихаттап, рухани адамгершілік құндылықтарды қалыптастыруға дәнекер болмақ. Жоба аясында медиаторлар, психологтар, отставкадағы судьялар, елге қадірі бар ақсақалдар, қоғамдық бірлестіктер қамтылады. Бұл орайда қоғамдық сананы, ұлттық болмысты заманға сай қалыптастырып, отбасы, ошақ қасындағы ұсақ-түйек ұрыс-керісті, ағайын арасындағы араздықты сотқа жеткізбей, ақсақалдар алқасының немесе медиаторлардың араласуымен шешуге болатыны, келешекте көптеген азаматтық істерді қарауда осыған мән беру қажеттігі айтылды. 

Расында, «Ағайынның азары бар да, безері жоқ», «Алдыңа келсе, атаңның құнын кеш», «Көрші ақысы – тәңір ақысы», – деп өзгеге сыр алдырмайтын халқымыздың бұлайша өзгеруіне не себеп? Жиында осы мәселенің түйіні тарқатылып, тұжырымды ойлар айтылды. Бойымызға, ойымызға дендеп еніп келе жатқан жаһандық сын қатерлерге қарсы тұрып, ұлттық  ұстын, табиғи болмысымызды бағалай білудің  маңыздылығына мән берілді.

Облыстың сот саласында 35 жылдан астам қызмет атқарған, сала ардагері Ғалия Шыңғысова бұл бастаманың бүгінгі қоғамға өте қажет екенін,  халықтың татулығы мен бірлігінің, мемлекет және қоғам тыныштығының бірден-бір үйлестіру факторы екенін атап өтті.

Мәжілісті қорытындылаған облыс әкімі Қ.Көшербаев:

– Елбасы Жолдауының басым бағыттарын нәти­желі жүзеге асыруға, оның ішінде рухани бірлікке, елдің, халықтың арасында алшақтық болмауына, Тәуелсіз еліміздің кемел келешегін қалыптастыруға жұмылып, жұмыс жасауымыз қажет. Осындай басымдықтың бірі, өңірімізде алғаш рет іске асырылғалы отырған жоба – «Сотсыз татуласу орталығы». Бұл жобаны жергілікті атқарушы орган және жекеменшік әріптестік аясында үйлестіру қарастырылып отыр. Ал,  аймақтың алдыңғы толқын ағаларын және құқық қорғау органдарының, сот саласының ардагерлерін байыпты бастамаға лайықты үн қосып, татулық пен тұрақтылықты сақтап, қоғамдық келісімді қалыптастыруда білек сыбанып, бірлесіп жұмыс жасауға шақырамын, – деді.                                                                                                                                          

                                                                                             Ғазиза ӘБІЛДА,  

    «Сыр бойы».

АҚПАРАТ 26 ақпан 2018 г. 535 0