ТЕКСЕРУГЕ ЗАҢДЫ НЕГІЗ БОЛМАҒАН

Кеше ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша депар­таментінің басшысы, Әдеп жөніндегі кеңес төрағасы Абзал Мұхимовтың ­төраға­лық етуімен Әдеп жөніндегі кеңестің кезекті отырысы өтті. Кеңес отырысында қалалық білім бөлімінің басшысы А.Нұрсейітовтің тәртіптік ісі қаралды.

Оның басты себебі бөлім басшысы «Мұрагер» мектебіне негізсіз тексеру жұмыстарын жүргізуді тағайындаған. Өткен жылдың аяғында аталған білім ордасында қалалық білім бөлімі белгілеген кестеге сай жоспарлы тексеру, дәлірек айтқанда, тақырыптық зерделеу жұмыстары болып өтеді. Ол болып өткеннен кейін көп ұзамай осы мектепке 38 адамнан құралған комиссия келіп, тағы да кешенді зерделеу жұмыстарын жүргізеді. Бұл зерделеу жұмыс­тары нәтижесімен  өрес­кел заң бұзушылықтар анық­талмаған. Комис­сия жұмысын бітіріп кеткеннен кейін де қала­лық білім бөлімі мамандары «Мұрагер» мектебі басшылығына бірқатар құжаттарды әкеліп көрсетуді талап еткен. Осы мән-жайлар мектеп мұғалімдерінің наразылығын тудырып, олардың қалалық білім бөлімі басшылығының әрекеттеріне қатысты ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментіне өтінішпен жүгінуіне негіз болған.

Кеңес отырысында комиссия мүшелерінің негізсіз тексеруге не себеп болды деген сұрағына А.Нұрсейітов ата-аналардан түскен кейбір шағымдарға байланыс­ты тексеру тағайындалғанын түсіндірді. Алайда, ол шағымдардың бірде-бірі тіркелмеген болып шықты. Осы ретте кеңес төрағасы қалалық білім бөлімі өзіне қарасты білім ошақтарында бақылау, зерделеу, тексеру жұмыстарын жүргізуге құқылы екенін, әйтсе де бәрі де заң аясында жүзеге асуы керектігін мәлімдеді. 

Әдеп жөніндегі кеңес мүшелері тәртіптік іс материалдарын жан-жақты қарап, А.Нұрсейітовтің және «Мұрагер» мектебі мұғалімдерінің уәждерін тыңдап, қалалық білім бөлімі басшысына «сөгіс» түріндегі тәртіптік шара қолдануды ұсынды.

Ыдырыс ТӘЖІҰЛЫ,

«Сыр бойы». 

АҚПАРАТ 26 ақпан 2018 г. 425 0